Саясат

«Слуга народа» және Зеленский

Бізге де осындай сериалдар керек

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Жақында актер, продюсер В. Зеленский Украинадағы Президент сайлауында жеңіске жетіп, бұрынғы Кеңес Одағының құрамында болған мемлекеттерге: «Бізге қараңыздаршы, бәрі де мүмкін», – деген үндеу жариялады. 

Енді Зеленскийдің саяси жеңісі туралы емес, түсірген сериалына көңіл бөлейікші. Украинаның жаңа президенті шығарған «Слуга народа» сериалын қазақстандық көрермен қарап үлгерді деп ойлаймын. Бұл туындыда қарапайым тарих пәнінің мұғалімі президент болып, жемқорлықпен күресу арқылы мемлекетті өркендетеді. Сериалдың өзінде мін жоқ. Жақсы түсірілген. Бірақ өмір – сериал емес. Сондықтан Украинаның президенті шынайы өмірдегі мәселелерді шешу кезінде сериалда Голобородьканың пайдаланған әдістерін қолдана алмайды. Әсіресе олигархтармен жұмыс жасау оңай болмас. Бірақ бұл бөлек әңгіме.

Дегенмен сериал шыңайылығымен тартымды. Қазіргі Украинаның билік өкілдеріне, әкімдеріне, шенеуніктеріне, министрлері мен депутаттарына қара күйе жағып, олардың жемқорлығын, бассыздығын, жұмыссыздығын сынап тастады. Керемет!

Одан бөлек Ресейде Слепаковтың «Домашний арест» сериалы шықты. Бұл туынды да сәтті шыққан. Тақырыптың өзектілігі, сценарий, актерлардың ойыны – бәрі-бәрі тамаша. Парамен ұсталып, бір сәтте бар капиталынан айырылып, коммуналкада тұруға мәжбүр болған шенеуніктің рөлін Деревянко қатырды. Сол коммуналкада бұрыннан тұратын мэрдің бала күнгі досын ойнаған Александр Робак та осал емес.

Бұл туындының авторлары Ресейдің әлеуметтік, қоғамдық, ішінара саяси жағдайын көрсеткісі келген. Сериал тіпті премьер-министр Д.Медведевке де ұнаған. Басты тақырып – жемқорлық және содан туындайтын салдарлар. Сериалдың жанры – комедия. Бірақ қарап отырып күнделікті өмір мен шынайылықты байқайсын. Біздің еліміздегі жағдай да дәл осыған ұқсас-ау деген ой қалыптасады. Шыны керек, біз парақорлықпен күресу жағынан Ресей мен Украинадан алыс кеткен жоқпыз.

ТНТ телеарнасы мұнысымен тоқтамай, «Год культуры» деген тағы бір сериал шығарып жатыр. Мұнда халықпен кездесу жиынында жұмыс жасамай жүрген шенеуніктің есімін Путиннің өзі қағазға жазып алып, кейін оны шағын қалаға жұмыс істеуге жібереді. Басты рөлді Бондарчук ойнайды. Қызық болатын сияқты.

Жақында ҚР Сенат мәжілісінде тұрып вайнерлер кино түсіруге көмек сұрады. Ақшаны "Қазақфильмге" емес, бізге берсеңіздер қатырамыз деді. Бірақ түсірген киноларын көріп жатырмыз. Жоғарыда айтылған туындылардың деңгейіне жетпейді. Ауыл мен қала, құда мен құдағай, Африка мен Дубай әңгімесі бітпей жатыр. Елімізде «Домашний арест», «Слуга народа» секілді жанрдағы бір комедия түсірілсе қызық болар еді.