Экономика
Мектеп бітірушілер қайырымдылық жасауды құп көреді
Биылғы оқу жылын Жамбыл облысындағы 446 мектеп бойынша 222 801 оқушы сәтті аяқтағалы отыр. Ал, 364 орта мектеп бойынша 8796 түлек мектеп бітірмек. Олар тиісінше қорытынды аттестаттауға қатысады. Биылғы мектеп бітірушілердің ішінде 328 түлек «Алтын белгі» төсбелгісіне, 245 түлек үздік аттестатқа үміткер. Өңірдегі жалпы түлектердің 5913-і ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысады деп күтілуде. ҰБТ Тараз қаласындағы ТарМУ және ТарМПУ жоғары оқу орындарында және Жуалы, Талас, Сарысу, Шу, Меркі, Т.Рысқұлов, Қордай, Мойынқұм аудандарында орналасқан 10 пункт бойынша өткізіледі.Мұның бәрі мамыр және маусым айында оқушының басынан өтетін қиын кезеңдер.
Сан түрлі сынақтарға төтеп берген оқушылар маусым айының аяғында сыныптастарын, ұстаздары мен ата-аналарының басын қосып, үлкен той өткізуді әдетке айналдырған. Оған оқушылар қыруар қаржы жұмсап, бір кешке болса да өздерін хан баласындай сезініп көреді. Қыздар ең қымбат көйлектерін киіп, шаш үлгісін жасатып жатады. Қысқасы әке-шешесінің жиып-терген ақшасын далаға шашады. Дегенмен, биыл Тараз қаласындағы бірқатар мектеп түлектері лимузин мен мейрамханадан бас тарттып отыр. Белсенді жастар "Мектеп бітіру кешін дүркіретіп өткізуден бас тартамыз" деген ұранмен бейнежазба түсіріп, әлеуметтік желіге орналастыруда. Видеода 11-сынып оқушылары мектеп бітіру кешін ресторанда емес мектепте өткізуді ұсынып, қасиетті Рамазан айында қайырымдылықпен айналысуға шақыруда. Ал, біз өз кезегінде той кешінен бас тартқан тараздық түлектердің игі бастамасын өзге де өңірлер үлгі тұтады деген ойдамыз.