Спорт
Алматылық клуб есін жинаған секілді
Қазақстан Премьер-лигасының кезекті 11 турында, алматылық "Қайрат" өз алаңында павлодарлық "Ертісті" қабылдады.
Екі команда да соңғы кездері сәтсіз ойын көрсетіп, екеуіне де жеңіс керек болатын. Алаң қожайындары соңғы төрт ойын қатарынан (3 ойын ұлттық біріншілікте, 1 ойын ел Кубогында) жеңілістен көз ашпады.
Ойынның 6 минутында, қожайындардың сапындағы Адеринсон Эсеола есеп ашып, алматылықтар алға шықты. Алайда 34 минутта қонақтардың тез шабуылынан кейін, Рохер Каньяс есепті теңестірді. Бірінші таймның аяқталуына төрт минут қалғанда Эсеола дубль жасап, есепті 2:1 жеткізді. Үзілістен кейін командалар гол салған жоқ. Осылайша алматылықтар көптен күткен жеңістеріне қол жеткізді.
"Қайрат" 19 ұпаймен кестеде бесінші орынға табан тіресе, тоғыз ұпайы бар "Ертіс" оныншы орында келе жатыр.