Weekend
Ораза исламның негізгі бес парызының бірі
Қасиетті Рамазан айы есігімізден еніп, төрімізге жайғасты. Көзді-ашып жұмғанша оразаның бел ортасына келіп қалдық. Шынайы ниет етіп, Аллаға иман келтіріп, тәуекел еткен әр мұсылманның дұға-тілектері қабыл болғай.
Ораза исламның негізгі бес парызының бірі. Таң атқаннан күн батқанға дейін ауыз бекітіп, ішіп-жеуден, басқа да оразаны бұзатын нәрселерден аулақ болу қажет. Осы орайда кейбір мұсылмандар парыз болып табылатын айда нәпсінің жетегінде кетіп жатады. Мәселен ауызын тамақтан тиып, сыртқы мүсінін қалыпқа келтіріп, артық майлардан арылуды көздейтіндер көбейді. Айна алдына жайғасып, сыртқы сылулығына тамсана қарап, таразыдан түспейтіндер бар. Басқа айларда өзін де көзін де тиа алмай жүргендерге Рамазан таптырмас мүмкіндік алаңына айналды. Ораза адамның рухани-интеллектуалдық өсуіне, тақуалыққа жетіп, Құдайға жақындай түсуіне ықпал ететін ғибадат екендігіне көзжұма қарауға артық майлардың кедергі болғаны өкінішті.
Сіз бүгін таңнан кешке дейін тамақ ішпегеніңізге аса қуаныштысыз. Әлі-ақ талдырмаш белім болады деп ойлаудасыз. Бірақ, саусақпен санарлық 30 күннің қалай өткенін білмей қалуыңыз бек мүмкін. Сондықтан сабырлық пен төзімділікке үйрететін, сауабы мол айдың берер пайдасынан құр қалмаңыз. Оразаны қандайда бір материалдық пайданы күйттеп, немесе тек артық салмақтан арылу үшін ұстамаңыз. Ең әуелі Алланың әмірі болғандығы үшін және оның разылығына бөлену үшін ұстаңыз. Осы ниетпен ұстағанда ғана ниетіңіз қабыл болмақ.