Weekend
Мемлекет қандай фильмдерге қолдау көрсетеді?
Алматыдағы Qazaqfilm студиясында Мемлекеттік орталық жанынан құрылған Сарапшылық кеңестің алғашқы жиыны өтті. Елдегі кинотуындылар аталмыш органның ұжымдық мақұлдауымен ғана мемлекет тарапынан қолдау көретін болады. Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мемлекет қаржысына ие болу үшін әрбір туынды қатаң іріктеуден өтетінін мәлім етті.
«Кино түсіруге ниеттенгендердің барлығына мемлекет тарапынан қаржылай көмек көрсетуге міндетті емес және көрсете алмайды - бұл менің пікірім. Қоғамдағы өзекті мәселелерді қозғайтын, тарихи, патриоттық, балаларға арналған кино мен мультфильмдерден басқасы, әрине. Мысалы ерекше физикалық қажеттілігі бар балалардың қатысуымен түсірілген «Қыз және теңіз» фильмін келтіруге болады. Басқа жағдайларда киноиндустрия нарықтық қарым-қатынаста болғандықтан, менің пікірімше, коммерциялық киноның бір бөлігіне ғана, оның өзінде инвестициялық құрал ретінде дотация берілуі мүмкін. Мемлекеттік қолдаудың әрбір теңгесі есепке алынып, қоғамға жариялы болу керек», деп жазды министр.
Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы тәуелсіз Қазақстан тарихындағы «Кинематография туралы» тұңғыш заңға сәйкес құрылған. Бұл ұйымның негізгі міндеті - ұлттық киноны қолдап, халықаралық және әлемдің аренаға шығару, Қазақстандағы кино өндірісіне инвестиция тарту. Арыстанбек Мұхамедиұлы осы орталық арқылы ұлттық кино ретінде мойындалған жобаларға мемлекет тарапынан қаржылай қолдау көрсетіліп, кинематография саласын субсидиялау жүзеге асатын болады.
Министрдің айтуынша, аталмыш орталықтың құрамына жоғары білікті топ-менеджерлер, еңбегі сіңген кинематографистермен, креативті жас мамандар кірген. Белгілі режиссер Сатыбалды Нарымбетов Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы кеңесшісі қызметін атқарса, кино саласында 50 жылдан аса қызмет еткен Олжабай Мұсабеков төраға орынбасары болып тағайындалған.
Тимур Бекмамбетовтың Bazelevs компаниясында еңбек ететін, «Профайл», «Іздеу» фильмдерінің продюсері Игорь Цай екінші орынбасар ретінде коммерциялық жобаларға жауапты болмақ. Орталыққа әлемдік кинокомпанияларда жұмыс тәжірибесі бар штаттан тыс кеңесшілер де тартылып отыр.
Мемлекеттік орталық жанындағы консультативтік-кеңесші орган - Эксперттік кеңес құрамы да жасақталды. Оның құрамына Асанәлі Әшімов, Адай Әбелдінов, Вадим Голенко, Досхан Жолжақсынов, Серік Жұбандықов, Ахат Ибраев, Алексей Каменский, Бақыт Қайырбеков, Жанна Қуанышева, театр режиссері, Асхат Маемиров, Сатыбалды Нарымбетов, Меруерт Өтекешова, Бекболат Шекеров, Бауыржан Шүкенов сынды киноиндустриясының беделді тұлғалары кірген.