Weekend

23 мамыр кинопремьералары

Бүгін қазақша дубляждалған "Аладдин" прокатқа шықты

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com


Осы апта қазақша дыбысталған «Аладдинмен», Суперменнің балама оқиғасына арналған хоррормен, Джон Траволта және Морган Фриманның экрандағы тандемімен, Балақай Кид туралы вестернмен, «Тақтар ойыны» сериалына пародиямен, плейбой-детектив туралы француз боевигімен, фермадағы жануарлар туралы норвег мультфильмімен ерекшеленеді. Фильмдерге толығырақ тоқталайық.

«Аладдин» Aladdin») [6+]: Walt Disney студиясының 1992 жылғы мультфильмінің кинонұсқасы. Майшам ішіндегі жынды Уилл Смит ойнайды.

Сюжетте Жасмин есімді ханшайымға ғашық болған Аладдин туралы айтылады. Джафар деген уәзір сиқырлы майшамға ие болуды көздейді. Сол арқылы бүкіл әлемді жаулап алмақ. Оған Аладдиннің ғана қарсы тұруға қауқары бар.

Бұл картина «Болашақ» қауымдастығының қолдауымен қазақша дыбысталды.

«Лаулап жан» («Гори, гори ясно»; «Brightburn») [16+]: Кларк Кент/Суперменнің тарихын бәріміз білетін шығармыз: бөгде планетадан ұшып келген аппарат Жерге құлайды. Ішінен сәби табылады. Бір ерлі-зайыпты оны асырап, қаһарман болып шығуына ықпал етеді...

Енді бұл оқиғаға басқа жағынан қараңыз. Бала игілік серісі емес, зұлым болып шықса не болар еді? Хоррор элементтері бар фантастикалық картина осы сұраққа жауап береді.

«Улы раушан» («Ядовитая роза»; «The Poison Rose») [16+]: Морган Фриман мен Джон Траволта қатысқан триллер.

Фильмде бұрынғы футбол жұлдызы, қазір детектив болып істейтін Карсон Филипс туралы айтылады. Ол із-түссіз жоғалғандар туралы бір істі қолға алады. Тергеу кезінде бұл іске баяғыда жоғалып кеткен қызының да қатысы бар екені анықталады.

«Кид» («Малыш Кид» / «The Kid») [18+]: актер Винсент Д’Онофрионың режиссерлік жұмысы. Басты рөлдерде - Дэйн ДеХаан, Итан Хоук, Крис Пратт.

Вестерннің оқиғасы өмірде болған Балақай Кид деген қылмыскердің өміріне негізделген. Билли есімді жасөспірім Жабайы Батыстың аңызға айналған бандиті Билли Кид пен қатыгез шериф Пэт Гаррет арасындағы қанды соғыстың куәсі болады. Жасөспірім туыстардың сатқындығын, әкесінің өлімін, қарындасының жоғалуын көрді, тек қылмыскермен кездескеннен кейін ғана тығырықтан шығатын жолды таба алды. Бірақ олардың жолына жергілікті шериф тұрады.

«Патшалықты тазарту: Тақтар ойынының пародиясы» («Игрища престолов»; «Purge of Kingdoms: The Unauthorized Game of Thrones Parody») [16+]: Әйгілі «Тақтар ойыны» сериалына жасалған кинопародия.

Сегіз патшалықтың лордтары Тазарту тойына жиналып, соғыс пен дау-дамайларға нүкте қоймақшы. Бірақ бұл жиын Семіз Патшаның айласы болатын. Ол бәрінің басын қосып, қырып салмақшы.

«Ники Ларсон және Купидонның парфюмі» («Плейбой под прикрытием», «Nicky Larson et le parfum de Cupidon») [18+]: Филипп Лашоның экшн-комедиясы.

Сюжет бойынша жеке детектив әрі ловелас күрмеуі қиын істі қолға алады. Ол қолды болған, қарсы жыныстының басын айналдыратын парфюмді табуы керек.

Сонымен қатар «Весёлая ферма» («KuToppen») деген норвег мультфильмі шықты.