Weekend

Онкологияға шалдыққан балалар спектакль қойды

Қойылымға белгілі жас әнші Данэлия Тулешова да қатысты

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

2019 жылдың 26 мамырында М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының сахнасында қазақстандық сазгер Юлия Лебедеваның туындысы – «Музыканың арғы жағында» деп аталатын музыкалық ертегі спектактілінің тұсаукесері өтті.

Алғашқы қойылымның басты ерекшелігі – рөлдерде жас актерлер ойнайды. Олардың әрқайсысы дерлік онкологияға шалдығып, ұзақ әрі ауыр күрес жолын жүріп өткен. Кейбір балалар әлі емделіп жатыр.

Драма театрының сахнасында өтетін спектаклде басты рөлдердің бірін бүкіл әлемге есімі танымал болған жас орындаушы Данэлия Түлешова сомдайды.

Ол спектакльге қатысу арқылы күрделі аурулармен күресуге мәжбүр болған балаларға қолдау көрсеткісі келеді.

«Ғылыми-медициналық қоғам» ҚБ төрайымы, «Шығармашылық қанатымен» жобасының авторы және құрушысы, Сурия Есентаева:

– Біздің бірлестікті 2013 жылдың соңында тәжірибедегі дәрігерлер құрды. Білім беру және ғылыми зерттеу жобаларымен қатар, біз әлеуметтік жобалармен де айналысамыз. Осы кәсіпте еңбек ете жүріп, біз онкологиялық аурулармен күресу мықты рухты, моралдық және тәни күш-қуатты қажет ететіндігін, ал осы ауруға тап болған отбасы мүшелері психологиялық және моралдық қолдауды қажет ететіндігін түсінеміз.

2017 жылы «Ғылыми-медициналық қоғам» ҚБ «Шығармашылық қанатымен» атты жобаны іске қосып, оның аясында Ғылыми педиатрия және балалар хирургиясы орталығының науқастары актерлік шеберлікті, декорациялар мен костюмдерді жасау өнерін, яғни театр өнерін үйрене бастады. Жобаның бірінші жылының қорытындысы бойынша М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік драма театрының сахнасында «Мөлдір құдық» атты музыкалық ертегі қойылды. Онкологиялық ауруға шалдыққан балалар актер ретінде рөл ойнап, билеттерді сатудан түскен бүкіл қаржы олардың емін жалғастыруға бағытталды. 2018 жылы Астанадағы Елшілер жұбайлары дипломатиялық клубының «ASA» қайырымдылық комитетінің қолдауымен Алматы қаласындағы Оқушылар сарайында «Батыр вакциона» атты спектакль қойылып, онда тағы да кішкентай науқас балалар рөлдерді сомдады. Спектаклдің екеуі де зор мерейге бөленіп, оған қатысу балалардың жалпы хал-ахуалына оңынан әсер етіп, олардың емделу нәтижесі жақсара түсті.

Ал 2019 жылы «Ғылыми-медициналық қоғам» ҚБ сазгер Юлия Лебедеваның жазған «Музыканың арғы жағында» деп аталатын музыкалық ертегі спектактілі арқылы «Шығармашылық қанатымен» атты әлеуметтік жобаны жүзеге асыруды жалғастырмақ. Спектаклдегі рөлдердің барлығын дерлік онкогематологиялық және басқа да күрделі ауруларға шалдыққан балалар сомдайды. Басты рөлдердің бірін жас актер Данэлия Түлешова орындайды. Ол кішкентай науқастарға арналған арт-терапия жобасы аясында балаларға қолдау көрсету туралы шешім қабылдады.

Биыл Мәдениет және спорт министрлігі жобаға қолдау көрсетіп, спектаклдің тұсаукесері үшін Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік драма театрының сахнасын, ал репетиция жасау үшін Ғ. Мүсірепов атындағы Балалар және жасөспірімдерге арналған Қазақ мемлекеттік академиялық театрының сахнасын ұсынды, сондай-ақ, спектаклге арналған музыканы таспаға жазу үшін Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармония симфониялық оркестрінің қатысуын қамтамасыз етті.

Сонымен қатар, Ақпарат және коммуникация министрлігі де, Алматы қаласы әкімдігі де музыкалық ертегінің тұсаукесеріне қолдау көрсетті.

Нұрия Қожамұратова, жобаның көркемдік жетекшісі:

– Ұзақ әрі күрделі емнен өткен балаларды оңалту және әлеуметтендіру біржолғы іс емес, оны тұрақты түрде жүргізіп тұру қажет. Қазіргі таңда біз балаларға актерлік шеберлікті үйрететін «Шығармашылық қанатымен» атты шағын арт-терапия студиясын аштық. Театр - көп қырлы өнер, оған бейнелеу өнері, музыка, моделдеу, актерлік шеберлік, би сынды өнер түрлері кіреді. Күрделі және сирек ауруларға шалдыққан балаларға арналған арт-терапиялық жобамызды толығымен жүзеге асыру үшін әрбір бала мен ересекке (балалардың ата-аналары және онкологияға шалдыққан ересек науқастарға) өздерінің жүрегіне жақын шығармашылық бағытты таңдауға мүмкіндік беретін Арт-терапия орталығын құру қажет.

21 сәуір күні Алматы қаласы Әкімдігінің қолдауымен, «Ғылыми-медициналық қоғам» ҚБ және «Юна» продюсерлік орталығының ұйымдастыруымен «Балалар балаларға көмектеседі» атты қайырымдылық концерті өтті. Концертке танымал қазақстандық әншілер Гауһар Сатарова, Айжан Нұрмағанбетова, Рафаэль, Данэлия Түлешова және т.б. қатысты. Концерттен түскен бүкіл қаржы толығымен спектакль қойылымына жұмсалды.

Онкологияны жеңген балалар қазір сахнада рөл ойнау арқылы әлі емделу үстінде жүрген, моралдық қана емес, материалдық көмекке де мұқтаж балаларға қол ұшын созып отыр. Сондықтан билеттерден түскен бүкіл қаржы онкологиялық, гематологиялық және басқа да күрделі аурулардан емделіп жатқан балаларға табысталады.

«Балалар балаларға көмектеседі» қозғалысы кеңінен етек жайып келеді. «Музыканың арғы жағында» атты жаңа қайырымдылық спектаклі балалардың өміріне бей-жай қарамайтын көрермендерді асыға күтеді.