Weekend

Игі іс – жастарды біріктіреді

Мамырдың мамыражай күнінде Қостанайға жол тарттық. Бағытымыз белгілі. Екі күндік Қазақстан-Ресей жастар форумына қатысып, белсенді жастардың бел ортасынан табылдық

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қостанайдағы жаңадан ашылған Жастар сарайында ұйымдастырылған форумға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, «Ұлттық еріктілер желісі» ұйымының төрайымы Вера Ким, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев және жастар ұйымының басшылары қатысты. 1000-ға жуық жастардың басын біріктірген форумда келелі мәселелер мен ұтымды ұсыныстар айтылды. 

Ең әуелі Сыр елінен барған біздер Қостанай қаласына экскурсия жасалып, пленарлық дискуссия ұйымдастырылды. Оған Қазақстан мен Ресейдің белді мамандары мен сала үздіктері өзара ой бөлісті. 

Жиында екі елдің жастары араcында қозғалған тақырыптың бірі – волонтерлік қызметті жетілдіру. Ерікті жастардың бастамасымен түрлі деңгейдегі іс-шараларды ұйымдастыру қарқын алып келеді. Мәселен, ел тарихында қалған ЭКСПО-2017 көрмесі аясында ерікті жастардың белсенділігі жоғары болды. Осы себепті де Ресей жерінен келген қонақтар волонтерлік қызметті жетілдіруді жалғастыру керектігін және келер жылды еріктілердің жылы деп атауды ұсынды. Мұндай бастаманы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қолдап, жастарға сенім білдірді. 

Ерікті болу – еріккеннің ісі емес. Әрбір игілікті іс-шараның басы-қасынан табылып, тәжірибе жинау, ортақ дос табу осы ерікті қызметі арқылы келеді. Сондықтан да волонтерлік қызметке мемлекет деңгейінде мән беру құптарлық қадам. 

Расында, бұл жаңалық Жастар жылына үмітпен қол созған жастарға ерекше мүмкіндік беріп отыр. Форум аясында TedX форматындағы лекциялар тыңдалды. Өз саласының үздік практиктері атанған мамандар жастардың ойын ортаға салды. 

Сыр елінен барған біздер Қостанайдағы форумнан көп ой түйдік. Жастардың әр салада топ жарып, бизнесте биікке шығып, ғылымда жетістікке жетіп, спортта саңлақ, мәдениетте майталман болуы жастардың өмірге деген серпінін жоғары екенін дәлелдеп келеді. Екі ел арасындағы форум жұмысында бірқатар спикерлердің ұтымды ұсыныстары мен үзік ойларын қорытып, өз ісімізге пайдаланамыз деген ниеттеміз. Ашық ойдың ортаға салынып, жастар арасында өзекті мәселелер қаузалған мұндай форумдардың жастар үшін берері мол. Сондықтан, қолға алынған әрбір ісіміздің қолдау табуы біздерді қанаттандырады. Осы себепті де барша Сыр елінің жастарына белсенді болуға, ерікті қызметті жетілдіруде бастамашыл әрі көшбасшы болуға шақырамын.

Ақгүл АБДРАСУЛ,

журналист 

Қызылорда қаласы