Саясат

Жоғары Еуразия экономикалық кеңесінің отырысы басталды

Кеңес отырысы Нұр-Сұлтанда Тәуелсіздік сарайында өтуде.

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Елордадағы Тәуелсіздік сарайында Нұрсұлтан Назарбаевтың еуразиялық интеграция жөніндегі идеясының 25 және Еуразиялық экономикалық одақ жөніндегі келісімнің 5 жылдығына орай Жоғары Еуразия экономикалық кеңес отырысы басталды. Бұл туралы inform.kz хабарлайды.

Кеңестің шағын құрамды отырысына Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко, Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбеков, РФ Президенті Владимир Путин, Армения Республикасының Премьер-Министрі Никол Пашинян қатысуда.

Осы отырыстан кейін кеңестің кеңейтілген құрамдағы отырысы өтеді. Оған кеңеске мүше мемлекеттер басшыларымен қатар ЕАЭО жанындағы бақылаушы мемлекеттің басшысы ретінде Молдова Республикасының Президенті Игорь Додон, құрметті қонақ ретінде Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмон қатыспақ.

Жалпы отырыс барысында  Мемлекет басшылары ЕАЭО дамуының өзекті мәселелері мен болашағын талқылайды. Соның ішінде, цифрлық дамудың, Одақтың халықаралық қызметінің күн тәртібінде тұрған мәселелері, сондай-ақ 2019-2020 жылдарға арналған макроэкономикалық саясаттың негізгі бағдарлары қарастырылады.

Саммит соңында Жоғары Еуразия экономикалық кеңесіне мүше мемлекеттер басшыларының ЕАЭО туралы Келісімнің 5 жылдығына орай Бірлескен мәлімдеме жасауы, сонымен қатар бірқатар халықаралық құжаттарға қол қоюы жоспарланған.