Саясат

Сайлау-2019: Жастар сайлау туралы не ойлайды?

Жастардың сайлау туралы пікірі

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері мемлекетті бір ғана басшының билегені белгілі. Биыл – тарихи сәт. Жаңа басшы. Жаңа үкімет. Жалпы Қазақстанда бәрі өзгермек. Қарапайым халық сайлауды асыға күтуде. Олардың ойы екіге бөлінген. Бір бөлігі өздері берген дауыстың мемлекет үшін қаншалықты маңызды екенін білсе, қалған бөлігі сайлау туралы ойлап, тіпті сайлауға назарларын аудармайды. Сайлауға биыл алғаш рет қатысушы жастардың ойлары мүлдем бөлек. Олар бірінші рет дауыс беретіндеріне, сонымен қатар тарихи сайлауға қатысатындарына ризашылықтарын білдіруде. Президенттікке үміткерлер үшін әрбір дауыстың маңызды екені айдан анық. Ал сайлауда кімге дауыс беру керектігін әр қазақстандық өзі шешеді. Жастардың болашағымыз екенін ескере келе, биылғы тарихи сайлау туралы жас буын өкілдерінің пікірлерін тыңдадық.

Сайлауда алғаш рет дауыс берейін деп жатқан Нарқыз Назымбек өз дауысының кандидаттар үшін маңызды екенін біледі. Ол сайлау туралы: «Осыған дейін "сайлау" сөзіне де, жалпы процесске де басымды сұғып, қызығып көрмеппін. Алайда биылдан бастап сайлауға қатысуға толық құқылы болғандықтан, жауапкершілікті сезініп, мүмкіндікті бос жібергім келмейді. Биылғы сайлау басқалардан өзгеше болады деген ойдамын. Жалпы ҚР азаматшасы ретінде еліміздің көркеюіне дәл менің дауысым қандай да бір үлесін қосса өте риза болар едім»,- дейді.

2019 жылы болатын тарихи сәт туралы: «Сайлау төрт жылда бір рет болатындықтан, мемлекет үшін маңызға ие. Жалпы мен патшаның өзі тағайындап кеткен адамға жүгінемін. Өйткені еліміз жайлы Нұрсұлтан Назарбаев қана үтір нүктесіне дейін жақсы біледі деп ойлаймын. Сол себепті патшаның жасаған таңдауына қосыламын»,- дейді Айғаным Атен.

Студенттер тіпті өз дауыстарын кімге беретінін де шешіп қойған секілді. Оны «Биыл тарихи сайлау. Өз басым Президенттікке Қасым-Жомарт Тоқаевты лайықты деп есептеймін. Өйткені ол қазіргі таңдағы Елбасыдан кейінгі дипломат, сонымен қатар саяси тәжірибесі мол адам»,- деген Әкежан Кеңесовтің пікірінен көруге болады.

«Сайлауда дауыс беру әрбіріміз үшін маңызды. Жалпы, менің ойымша, президенттікке лайықты кандидат - Әміржан Қосанов. Бізде қазіргі таңда бір ғана озып келе жатқан партия бар. Ал кез келген демократиялық елге көп партиялық қажет секілді. Менің қателесуім де мүмкін. Бұл менің жеке ойым ғана»,- деп Мейрамбек Жасұлан сайлауға қатысты жеке ойын айтты.

Студенттердің арасында сайлауға байланысты әртүрлі көзқарастар бар. Әр студенттің ойы әртүрлі. Осы тұрғыда «Алда болайын деп жатқан президент сайлауы өте үлкен маңызға ие болып тұр. Президенттікке үміткерлер Қосанов пен Тоқаевтың бір-біріне басты қарсылас екені бірден өз кандидатураларын ұсынған кезден бастап білінді. Менің ойымша, мемлекет басшысы лауазымына Әміржан Қосанов лайық секілді. Бұны халықтың көп бөлігі қалайды»,- дейді Қуантай Жолдасбеков.

«Кім боласың, қандай өмір сүресің, ол өзіңнің үлесің(М.Мұқағали). Ертеңгі күніміздің қандай болатыны біздің қазір қабылданатын шешімімізге байланысты. Мен өз басым даусымды Әміржан Қосановқа беремін. Себебі ол - xалықтың адамы. Қазір xалыққа үміткерлердің қандай партиядан немесе үкіметте қандай қызметте екені маңызды емес. Оларға xалықтың үнін, мұң-мұқтажын еститін саясаткер керек. Мен осының бәрін Ә.Қосановтың болмысынан, сөйлеген сөзінен көре алдым»,- дейді Арай Нұрланқызы.

Жас буын алда болатын сайлауға бей жай қарамайды. Олар бұл сайлаудың қаншалықты маңызға ие екенін ескере келе, өздерінің де сайлауға дауыс беру арқылы атсалысатындығын айтты. Жастар өз таңдауларын жасап та қойған.