Саясат

Белсенділер сайлауға байланысты жиынға басып кірді

Сайлау

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

1 маусымда таңертеңгі сағат 11.00 шамасында елордадағы "Думан" қонақ үйінде белсенділердің құрылтайы басталды. Оған елдің барлық өңірінен жүздеген азамат жиналды – деп хабарлайды Азаттық радиосы. 

Азаттық радиосының мәліметінше, әуел баста алдын ала ақшасы төленіп қойған қонақ үйдің күзетшілері жиналғандарға "орын жоқ" деп оларды кіргізбеуге тырысқан. Бірақ бұған наразы болған жұрт жиналыс өтуі тиіс ғимаратқа басып кірген. Бұған дейін жиында «елдегі қоғамдық-саяси, әлеуметтік жағдай, президент сайлауында дауыс беруге бойкот жариялау, Қытайдағы қазақтар мәселесі, Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынас, елдегі демократия ахуалы айтылады» - деп хабарланған еді. Жиында оппозициялық саясаткер Балташ Тұрсымбаев, журналист Рысбек Сәрсенбайұлы, Қазақстанның тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров және өзге де азаматтар сөз сөйлеген. Спикерлер елде оппозицияның жоқтығын айтып, "белсенділерді қудалаған" билікті сынаған. Қатысушылар 9 маусымда өтетін президент сайлауына бойкот жариялау керектігін де айтқан. Жұрт алдында сөйлеген Рысбек Сәрсенбайұлы Қазақстан Конституциясының "бір адам мүддесі үшін" бұрмаланғанын айтып, елде белсенділер қудаланатынын, түрмеде саяси тұтқындар отырғанын айтқан. Ол ереуілшілерге полиция оқ атып, соның салдарынан ресми дерек бойынша 17 адам өлген 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасына жеке тоқталды. Ол Жаңаөзен оқиғасын "ауыр қылмыс" деп атап, оған елдің бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаев және сол кездегі ішкі істер министрлігін басқарған Қалмұханбет Қасымов жауап беруі тиіс екенін жеткізген. 

Наурыз айында президент өкілетін тоқтатқан Нұрсұлтан Назарбаев қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ретінде саясаттағы ықпалын сақтап қалды. Ал бұрынғы ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов кеңес төрағасының хатшысы ретінде тағайындалып, өкілеті жоғарылады. Рысбек Сәрсенбайұлы жиында Назарбаевты биліктен кетіп, елді тиімдірек басқара алатын азаматтарға жол беруге шақырды. Жиын ортасында қонақ үй әкімшілігі қызметкері келіп, микрофонмен жиналғандарға "ғимараттан шығуын" талап еткен. Бірақ қатысушылар бұдан бас тартқан. Түс кезінде құрылтай өтіп жатқан ғимараттың жарығын сөндіріп тастаған. Бірақ соған қарамастан белсенділер құрылтайды қараңғы залда жалғастыруда. Ғимарат маңын полиция қызметкерлері бақылауға алған.