Денсаулық

Дабыл: Дүкендерде құрамында қуаттандырғышы бар конфеттер пайда болды

Сыртындағы жазуды оқып, шошып кеттім. Сырты қара түсті болғандықтан, назарым бірден ауды

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Дүкен сөрелерінде құрамында қуаттандырғышы бар мұз конфеттер пайда болды. Бұл туралы «Сапа» тұтынушы құқығын қорғау ұлттық қоғамы хабарлады.

"Қашаннан бері екенін нақты білмейміз, бірақ дүкен сөрелерінде құрамында energy, redbul атаулы қуаттандырғышы бар чупа-чупс атаулатын мұз конфеттер пайда болды. Балам тәттіні сатып алып бер деді. Сыртындағы жазуды оқып, шошып кеттім. Сырты қара түсті болғандықтан, назарым бірден ауды. Балаларға арналған тәттінің құрамында денсаулығына аса қауіпті нәрсенің бар екені ашуыма тиді" - деген мәтінде хат жазды тұтынушылардың бірі. 

Расымен де, нарықта спортшылар мен ауыр физикалық еңбекпен айналысатын адамдарға арналған қуаттандырғыш конфеттер пайда болды. Сыртқы формасы балалардың мұз конфетіне ұқсайды. Мысалы, Spring Energy конфеті - көлемі кішкентай әрі сүйкімді. Бірақ құрамында көпшілік білетін зиянды қоспа кофеин мен таурин бар. Өндіруші -  "МАЛВИКЪ" (Ресей, Мәскеу қаласы) кондитер фабрикасы. Өндірушілер бұл өнімді балаларға тұтынуға болмайтынын ескертеді.  

Құрамында гуарана сығындысы бар Ресейдің «Magnum» немесе «ENERGON" атты батарея түріндегі конфеттері де балалардың назарын аударуы мүмкін. Бұл құрамында кофеині көп табиғи өнім. Бір конфеттің құрамында кофеиннің тәуліктік дозасының жартысы бар. Бес конфетті тұтынсаңыз (бір қорапта бес тал болады), ол қуаттандырғыш сусынның бесеуін алмастыра алады. Бұл конфеттер 18 жасқа толмаған балаларға арналмаған! Ол туралы тауардың қаптамасында жазылған. 

Тыйым салынған нәрсенің қашан да тәтті екенін бәрі біледі. Кейде өндірушілер мұны маркетингтік тәсіл ретінде пайдаланады. Дүкен сөрелерінен "Ягуар" атаулы қуаттандырғыш дәмі бар «Чупа-чупс XXL трио» конфетін де таба алады. Тіпті қаптамасында суреті де көрсетілген. Алайда, мұз конфеттің құрамы: негізінен қанттан, глюкоза шәрбатынан, жеміс-жидекті езбеден, бояғыштардан, хош иістендіргіштен тұрады делінген. Құрамынан ешқандай да аса қауіпті кофеинді таба алмайсыз. Бірақ қосымша  өндірушілер қоспа ретінде аса қауіпті Е 320 антиоксидантын пайдаланады. Бұл зат нитратпен оп-оңай әрекеттесіп, нәтижесі қан құрамында патологиялық өзгерістерге алып келеді. 

«Сапа» тұтынушы құқығын қорғау ұлттық қоғамы ата-аналарды барынша мұқият болуға шақырады. Нарықтағы тәттінің бәрі дерлік балаларға арналмағанын ескертеді!