Саясат
АЭС
Оңтүстік Корея Қазақстанда АЭС құрылысын салуға өтініш білдірді. Сөйтіп, 29-мамыр күні ОК гидроэнергетикалық корпорациясы Қазақстанда атом электр стансаларын салу үшін болатын тендерге қатысуға мүмкіндік алды.
Бұл туралы Оңтүстік Кореяның Yonhap ақпараттық агенттігі мәлімдеген. Негізінен, Оңтүстік Корея елімізде АЭС салу туралы ұсынысты Қазақстан билігіне екі ай бұрын жолдаған. Ал, қазір ресми түрде тендерге қатысуға жолдама алды.
Айта кетейік, Қазақстанда АЭС құрылысын салуға тендер жарияланып, оған АҚШ, Ресей, Қытай, Франция, Жапония және Оңтүстік Корея қатысып жатқан көрінеді. Ал, тендердің жеңімпазы алдағы қыркүйек айында белгілі болмақ.
Өткен айда Ресей Президенті Владимир Путин ҚР Президенттігін уақытша атқарушы Қ.Тоқаевпен кездесу кезінде Қазақстанда Ресей технологиясымен атом электр стансасын салу туралы ұсыныс айтқан болатын.
Бұл ұсыныс бойынша қоғамда қызу пікірталас туындады.
Алайда, Ресей президентінің бұл ұсынысын Қазақстан тарапы көп күттірген жоқ. Энергетика министрінің орынбасары Магзум Мырзағалиев АЭС салуға Алматының маңындағы Үлкен ауылы тиімді болатынын айтқан.
Бірақ, жуырда Қасым-Жомарт Тоқаев Семейге жұмыс сапары аясында Қазақстандағы атом электр стансасының құрылысына қатысты пікір білдірді.
- АЭС құрылысы қоғамда үлкен резонанс пен пікірталас тудырды. Бұл шын мәнінде еліміздің мүдесін қорғауда үлкен рөл атқарады. Сондықтан, қоғамның пікірін ескеру қажет, - деді ол.
Қ.Тоқаевтың сөзіне сенсек, көпшіліктің пікірін ескерместен АЭС салу туралы шешім қабылданбайды. Бірақ, Тоқаев мырза елімізде 2030 жылға қарай электр қуатының жетіспеушілігі болатынын және ол мәселені қазір шешу керектігін айтты.
Ал, аталған тендерде Ресей жеңімпаз атанса, Алматының маңы Ресей атом электр стансасының құрылысына айналып кетпей ме?
Бізді осы ой үрейлендіреді...
Нұрбике Бексұлтанқызы