Саясат

8 жастағы оқушы қыздың өлімі: Жазғы демалыс лагерьлерінің жұмысы тоқтай ма?

Күләш Шәмшидинова мәлімдеме жасады

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Балаларға арналған жазғы демалыс лагерінің жұмысы тоқтатылмайды. "Хан Шатыр" бассейнінде қайтыс болған 8 жастағы қыздың өліміне қатысты бас педагог Күләш Шәмшидинова осындай мәлімдеме жасады.

Кеше шомылып жүрген бір топ бала бір-бірін суға тұншықтырып ойнаған деген ақпар тараған еді. Алайда, ол мәліметті еліміздің бас полицейі растаған жоқ. Жеткіншек өлімі тіркелген бассейннің тереңдігі 50-60 см болған. Ол жерде оқушылардың жанында ата-аналары мен лагерь жетекшілері де болыпты. Оқиғаға кім жауапты? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Мына кадр кешегі оқиғадан бірер минут бұрын жазылған. Әуесқой түсірілімнен байқағанымыздай, мектеп жасындағы жеткіншектер асыр салып суға шомылып жүр. Бассейннің тереңдігі жарты метрден аса екенін байқауға болады. Айналасында ересектер де болған. Бірақ, жабылып жүріп 8 жастағы оқушыны ажалдан арашай алмаған.

Сол лагерьде балалары жазғы демалысын өткізіп жүрген ата-аналарды да сөзге тартып көрдік.

"Әрине өте үлкен қайғылы жағдай бұл. Ешкімнің басына бермесін. Әрине қарау керек еді. Енді көп бала болған соң қарай алмаған шығар ештеңе айта алмаймын".

Еліміздің бас ұстазы болса аталған оқиғаға қарамастан барлық жазғы демалыс лагерьлері жұмысын бір сәтке де тоқтатпайтынын мәлімдеді. Тіпті, екі жыл бұрын өзі басқарып отырған ведомство мен ішкі істер министрлігі бірігіп балаларды суда жүзуге үйрету бағдарламасын әзірлепті. Министр Күләш Шәмшидинова оқыс оқиғаға сынып жетекшісі мен лагерь мамандары жауапты екенін айтты. 

"Қазір тергеу жүріп жатыр, оның қорытындысы шықпай біз ештеңе айта алмаймыз. Бірақ, кеше аталған факт тіркелісімен біздің қызметкерлер сол жерге барды. Бұл жағдай менің бақылауымда. Қауіпсіздік талаптарын күшейтіп, оқиғаға кінәлілердің жауапкершілігін қатаңдату керек. Ал, жазғы лагерьлер өз жұмысын жалғастыра береді", - деді ҚР білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова.

Қалалық білім басқармасының мәліметінше, қайғылы жағдай болған уақытта сауда орталығының бассейнінде 200-ден астам бала мен 24 тәрбиеші болған. Тіпті, құтқарушылар да сол маңда жүрген. Бірақ, неліктен дер кезінде көмек көрсетіп үлгермегенін ешкім дөп басып айта алмай отыр.   

"Жазғы лагерьге ата-анасының өтініші бойынша жазылған. Өздері сол өтініште көрсеткен балаларымыз осы "Хан Шатырдағы" жүзу бассейніне барса деген. Өйткені, барған оқушылардың арасында мектептегі мұғалімдермен қатар бірнеше ата-аналар да болған", - деді қалалық білім басқармасы басшысының орынбасары Дулат Жекебаев.

Ал ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев болса, осы дерек бойынша қылмыстық кодекстің 141-бабымен іс қозғалғанын айтады. Сондай-ақ, бассейндегі барлық бейнежазбалар алынып тексеріліп жатыр екен. Сараптама қорытындысы бойынша, кінәлілер лайықты жазаларын алады дейді, бас полицей.

"Негізі ол жерде мектеп құрған жазғы балалар лагері болған. Кеше бассейнде 30 бала шомылып жүрген. Қыздың тұншығып мерт болу фактісіне қазір жан-жақты тексеру жүргізіп жатырмыз. Қайғылы жағдай кезінде құтқарушы қайда болғанын, неге дер кезінде шара қолданбағанын анықтаймыз. Балалар лагерін құрған барлық ұйымдастырушылар жауапқа тартылады. Бақылау камерасындағы жазбаларды алдық", - деді ҚР ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев. 

Еске салайық, еліміздегі жазғы лагерь маусымы Елордада 27 мамыр күні басталған болатын. Қазір, демалыс мерзімінің 7-ші күні. Жауаптылар болса, қаршадай қыздың өлімінен кейін, барлық бассейндегі қауіпсіздік шараларын күшейтеміз деп уәде беріп отыр.