Саясат

Аспан асты елінің қазақ жеріндегі «астығы»

Бесқарағай ауданында жалға берілген жер

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

ШҚО әкімі облыста қытайлардың қолына 15 мың гектар жердің берілгенін растады. Бұл заңды тұрғыда орын алған оқиға екен-мыс.

Мен Бесқарағайлықпын. Мен тұрған, туып-өскен ауылымнан сәл ғана тысқары, Семей-Астана тас жолына шықсаңыз, аспан асты елінің «жайқалтып» қойған егінін көресіз. Бұл 2015 жылдан қолға алынған жұмыс. Оны мен де ауылдықтармен, аудан, қалаберді тас жолмен өтетін мыңдаған адаммен бірге көрдім. Әуелгіде, жер жалға беріледі екен дегенді естігенде жұрт жабырқады. Істерге шарасы қалмады. Даурыққан жұрт ауылдық округ әкімі, ауылдағы әкімшілік маманынан жерді бермеуді талап етті. Ақыр аяғы жалынып та, жалбарынып та көрді. Бірақ, бұл мәселенің ауыл тұрмақ, аудан басшысының да қолында емесін түсінген соң үнсіз қалды... Ал, ауыр-ауыр ел көрмеген техникаларын жүйіткітіп қытайлықтар жерге кіргенде талай қазақ көзіне жас та алды. Мның бәрін ойдан шығарып, сылдыр сумен әңгіме құрап отыр демеңіздер, көз алдымнан өткен жағдай болған соң баяндап отырмын.

Жерді иемденген қытайлықтар жерді жыртып, егінін сала бастағанда ауыл халқының үрейі үдей түскені айтпаса да белгілі шығар. Төбе шашы тік тұрған халық абдырап қалды. Олар не егіп жатыр? Не істейді? Содан соң не болар екен? Деген жауабы жоқ сұрақтардың әр көкейде тұрғаны да белгілі. Себебі, ауыл халқы малмен күнелтіп отыр. Ал, малы далада жайылып, шөбін жейді. Ал, ойда-жоқта қытайлықтардың ел ішіндегі «шекарасына» түсіп кетсе не болмақ?

Көрші ауылдың талай малы бруцеллез ауруына шалдыққан көрінеді. Бұл неден болған жағдай? Ел іші болғандықтан, өсек-әңгіме, пыш-пышы да көп болатыны қалыпты жағдай ғой. Ал, сол әңгімеге сенсек, қытайлықтар аталған құнарлы жерді иемденіп алу үшін әдейі малдың барлығын ауру деп тапқызған көрінеді. Қош. Шындығын білмей жатып, айып тағу әбестік. Тек, жел болмаса шөптің басы қимылдамайтыны тағы бар...

Жол түсіп, жақында туған ауылыма барып қайттым. Жаңағы қытайлықтардың «жерінде» биік шөптер қаулап тұр. Әкемнен оның не екенін сұрағанымда, күнбағыс екенін білдім. Әкемнің айтуынша, екі жылдың шамасы болған екен, күнбағыстары келген кезде егілген күйі тұр. Тек, солар өскен жерге құс та қонбайды екен...