Weekend
Көңіл көтеру/қайырымдылық
Түлектердің алтын ұя мектептерімен қоштасар сәті де жақындады. Жүректерін тебірентіп, көңілдерін жабырқататын сәт мектеп бітірушілер үшін қиын екені белгілі. Қимастықтың дәмі мен болашақтың бізге беймәлім һәм қызық пен қорқынышқа толы сәтін біздер де бастан кештік. Мамыр айы басталысымен, алдағы келер ұлттық біріңғай тестілеуден бөлек, мектеп бітіру кеші оқушыларды мазасыз күйге түсірері де айқын. Бұл, әсіресе, қыз балалар үшін әуре мен сарсаңға толы мезет шығар. Сәнді көйлек, жарасымды макияж, әдемі шаш үлгісі, жылтыраған туфли, ұзын тырнақ... Эх... Қыз біткеннің қиялындағы әдемі бейне... Ал, ата-ананың қалтасын қағып, жұқартатыны айтпаса да белгілі.
Жаңадан сайланған білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова «Мектеп бітіру кешінің форматы қымбат әрі сән-салтанатқа толы кеш болмауы керек. Жылдар бойы тұлғаны қалыптастыруда талмай еңбек еткен педагогтар мен ата-аналар және таяуда мектеп қабырғасынан түлеп ұшып, үлкен өмірге қадам басатын кештің басты кейіпкерлері – түлектер арасындағы жылы диалог түрінде өткені абзал», деп хабарлағаны естеріңізде болар. Бұл өте орынды ұсыныс һәм тапсырма деп білемін. Себебі, қымбат көлікпен қыдырып, қымбат көйлек кию, қымбат мейрамхана жалдап, қаржыны қажетсіз нәрсеге жұмсап, оңды-солды шашу орынсыз әрі ата-аналарға үлкен салмақ салады. Министрдің бұл тапсырмасын Нұр-Сұлтан қаласындағы №29 мектептің түлектері бірауыздан қолдап, тіптен, керек десеңіз, бір күндік көңіл көтерудің орнына қайырымдылықты таңдапты. Яғни, қыруар қаржыны қайырымдылық шараларына жұмсамақ. Өзгелерге үлгі боларлық іс! Елордалық түлектер өздерінің жарқын бастамалары мен ізгі ниеттеріне өзгелерді де жұмылдырмақ ниетте челлендж ұйымдастырған екен. Түсінікті болу үшін айта кетейік, челлендж – біреуге үндеу тастау, қандай да бір әрекетке шақыру. Астаналық түлектердің игі ісін іле баянауылдық түлектер жалғап әкетті. Қазақстан бойынша Нұр-Сұлтан қаласындағы №29 мектептің түлектеріне қолдау танытқан алғашқы мектеп Баянауылдан шыққанына біз де қуаныштымыз. Баянауыл №2 мектебінің түлектері де қыруар қаражатқа көңіл көтеруді ысырып қойып, орнына қайырымдылық жасамақ. Негізі, түптеп келгенде, мектеп бітіру кеші көйлекпен мақтанып, қымбат көлікпен қала шарлап, тамақтанғаның үшін үлкен соманы тастаумен әсте өлшенбейді. Ол деген, қимастық сезім, ізгі ниеттер мен бір-біріне деген ынтызар көңілдерін, ақжарма тілектерін жеткізіп, өткен күндердің қызықты сәттеріне ойша шому ғой!
Баянауыл №2 мектебі түлектерінің бұл бастамасын біз де қуанышты нотада өздеріңізге жеткізуді жөн санадық. Батыл ұлдар мен қылықты қыздардың бұл әрекетіне аға буын қуансын, қатарласы мен кішілері үлгі алсын дедік.
Мектептің 14 түлегі 1-сыныпқа енді аяқ басқалы отырған аз қамтамасыз етілген үш отбасындағы 3 оқушыны мектепке қажетті киіммен қамтамасыз етіп, қайырымдылық танытты. Үлкен өмірге аяқ басып, өздері үшін белгісіз кезеңнің табалдырығын аттағалы тұрған түлектердің бұл игі ісі болашақ үшін жасалған батыл қадам деп есептейміз. Ұстаз бен ата-ананың тәрбиесі мен тәлімі, «толық адам» бейнесінің қалыптасқаны осындай шаралар арқылы көрініс таппақ. 14 түлекке алдағы өмірде тек сәттілік, жарқын күндер тілейміз!
Әлия ТАУКЕНОВА,
Баянауыл ауданы