Саясат
Сайлау алдындағы соңғы күн
Тыныштық күні дегеніміз не
Дауыс берерден бір күн бұрын болатын тыныштық күні заң бойынша сайлауалды үгіт-насихат жүргізуге тыйым салынған. Бұл күннің мақсаты – әр сайлаушының өз қалауымен таңдау жасауына мүмкіндік беріп, қандай да бір материалдың ықпалынан, психологиялық қысымнан қорғау.
"Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Конституциялық заңға сәйкес дауыс беру күні мен оның алдындағы күні кез келген сайлауалды үгіт-насихатқа тыйым салынады.
Баспадан шығып, сайлау комиссиясы мен дауыс беру ғимараттарынан тыс жерде ілінген үгіт-насихат материалдары орнында тұра береді.
Сонымен қатар, Желіде жарияланған үгіт-насихат материалдары да сақталады.
Интернеттегі дереккөздерде бұрын жарияланған материалдарды басты бетке шығаруға болмайды.
Сайлау күні барлық аймақтағы сайлау учаскелері жабылған соң үгіт-насихатқа тыйым алынып тасталады.
Әлеуметтік желіде сайлау туралы жазуға бола ма
Тыныштық күні және сайлау күні қазақстандықтарға кандидаттың атын айтпай, жалпы сайлауға қатысуға үндеу жариялауға болады. Кімге дауыс беретінін айтпай, сайлауға баратынын да хабарлай алады.
Немесе кімге дауыс бергенін айтпай, сол күні сайлауға қатысқанын мәлімдеуге болады.
Дауыс беруге бес күн қалғанда БАҚ, әлеуметтік желілер мен интернетте қоғамдық пікірді білу үшін сауалнама жүргізуге немесе сайлауға қатысты басқа зерттеулер жасауға тыйым салынған.
"Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Конституциялық заңның 28-бабы 9-тармағына сәйкес қоғамдық пікірді білу үшін сауалнама жүргізуге Қазақстанда заң жүзінде тіркелген, қоғамдық пікірге сауалнама жүргізуде кем дегенде бес жылдық тәжірибесі бар заңды тұлғалардың құқығы бар. Оның үстіне, сауалнама жүргізетін ұйым Орталық сайлау комиссиясын алдын ала жазбаша түрде ескертіп, тиісті құжаттардың көшірмесін тапсыруы керек.
Сайлау учаскелері қашан ашылады
Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауында дауыс беру 9 маусым күні жергілікті уақыт бойынша 07:00-де басталып, 20:00-ге дейін жалғасады.