Саясат

Әміржан Қосанов жақтаушыларымен Мұхтар Шаханов соттасуы мүмкін

Сайлауалды науқан уақытында президенттіктен үміттілердің қоғамдық штабтары үгіт-насихат жұмыстарын шама-шарқына қарай жүргізіп бақты. Шығармашылық ой-өріс: таратпа қағаздардың безендірілуі, фото-видео контенттер аяқ алып жүргісіз. Әлеуметтік желілерге берілген басымдықты оңды-соңды пайдаланып, қоғамдық-адами этиканы «аяғынан басына төңкергендер» де жоқ емес. Мұндай жағдаяттардың нысаны мен бас қаһармандарына айналатын, әрине, көбіне халыққа аса ықпалды, беделі – биік, сөзі – өтімді тұлғалар. Тағы да... Шаханов

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Жақында ақын, Қазақстанның Халық жазушысы Мұқтар Шахановтың“Нұр Отан” партиясының кандидаты Қ.Тоқаевты қолдап, сайлауда Тоқаевқа дауыс беретініндігі жайында видео тарады. Азаматтық пікірін айтқан ақынға оқырмандарының көп бөлігі наразылық білдіріп, сөзбен сыбап жатыр. Видеоны әлеуметтік желіде бөліскен қоғам белсендісі Жанболат Мамай “Өкінішті! Мұхтар Шаханов ағамыз да туфли жалап кетті” деп жазды.

Іле-шала «Қазақ үні» порталының бас редакторы Қазыбек Иса өзінің фейсбук парақшасында «Тіл күресінің көсемі Мұқтар Шаханов кімді қолдауы керек» деген жазба жариялады:

- Мұзбалақ ақын Мұқтар Шаxанов Президент сайлауында, мемлекет басшысы бола салысымен мемлекеттік тілді қолдап, «Ең бастысы -Қазақ тілі болуы керек!»-деген Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдайтынын мәлімдеді. Бәрі орынды – әркім өз таңдауын жасауға құқылы. Ол үшін ешкім ешкімнен рұқсат сұрамайды.

Бірақ Қосановты қолдаушылар тобы олай ойламайды екен… Олар үшін өздерінің таңдағанынан басқаны таңдағандар – жаулар екен. «Апама – жездем сай» – сол баяғы қызыл коммунистік-комсомолдық қып-қызыл пиғыл! Жау іздеу жарысы! Ұқсамасаң, қолдамағырлар…

Кейіннен тағы да әлеуметтік желі қолданушысы Сандугаш Шынболатованың парақшасында «Сен болашағыңды ойласаң, дауысыңды Әміржан Қосанға бер» деген ұранмен Шахановтың қызыл әскер кейпіндегі еңсесін тік ұстаған фотосын жариялады. Бірақ бұл жағдайдан ақын мүлдем хабарсыз болғанын айтып отыр.

Мұқтар Шахановтың көмекшісі, жас жазушы Еркінбек Серікбайұлының осы оқиғаға қатысты: 

-Осындай ролик әлеуметтік желі бетінде шарлап жүр. Бұл енді адамды әжуәләудің шектен шыққан көрінісі. Біріншіден, Мұxаң тап осылай Қосановты жарнамалап жатқандығынан мүлде xабарсыз. Екіншіден, мұндай дүмбілез тұрғыда жарнама жасау, адам құқығын былай қойғанда, Мұxтар Шаxановтай ұлы тұлғаны қорлау болып табылады. Мұxаң бейнесін бұлайша қолбалалық деңгейге дейін қорлауға болмайды. Сондықтан Әміржан Қосанов штабының жетекшілері мына бассыздықтың алдын алмаса, М. Шаxанов қорғаушысының олармен сотта кездесуі мүмкін екендігін ескертеміз! – деп жауап қатты.

Әлеуметтік желідегі сан алуан пікірлер, шынайы насихат және манипулация – тұтас ұлт жадында ақпараттық сауаттылық пен медиа этиканы орнықтыруды қажет етеді. Ақпараттың буы қысқан кезеңде жаңалықты сұрыптау, талғампен зерделеу, парасат мінберінен зер салу – аса маңызды.