Саясат
Кезектен тыс сайлау
Дауыс беру қай уақытта басталады
Қазақстанның "Сайлау туралы" конституциялық заңына сәйкес, президент сайлауында дауыс беру таңғы сағат 7:00-ден 20:00-ге дейін өтеді. Алайда учаскелiк сайлау комиссиялары басқа уақытты белгiлей алады. Дауыс берудi таңғы сағат 6:00-ден ерте бастауға рұқсат бар. Ең бастысы, аталған жұмыстар кешкі сағат 20:00-ден аспауы шарт. Дауыс беру уақыты өзгерген жағдайда аумақтық комиссиялар сайлаушыларға алдын ала хабар береді. Мұндай хабар он күн бұрын таратылады.
Шетелде дауыс беру қай кезде аяқталады
Заң бойынша сайлау өтетін күнi әскери бөлiмде, шалғайдағы аудан, ауылда, алыстағы мал шаруашылығы учаскесiнде, демалыс үйі, шипажайда, тұрақты емдеу-профилактикалық мекемесiнде, тергеу изоляторы мен уақытша ұстау изоляторында, сондай-ақ шет мемлекеттегi Қазақстан өкiлдiгi жанынан құрылған сайлау учаскесінде тiзiмге енгiзiлген сайлаушылардың бәрi дауыс берсе, учаскелiк сайлау комиссиясы дауыс берудi кез келген уақытта аяқтай алады. Ондай учаскелердiң тiзімі сайлауға дейiн жетi күннен кешiктiрілмей бекiтіледi.
Кейбір сайлаушылар денсаулық жағдайына, сырқаттанған отбасы мүшесінің күтіміне байланысты сайлау учаскесіне келе алмайды. Сондай-ақ, сайлау учаскесi ашылмаған шалғайдағы ауылдар бар. Осыған байланысты учаскелiк сайлау комиссиясы дауыс беру күнi жергiлiктi уақыт бойынша сағат 12:00-ден кешiктiрмей, жазбаша өтініштердің негізінде сайлаушылардың тұрғылықты жерiне барып, дауыс берудi ұйымдастыруы тиiс.
Дауыс санау нешеде басталады
Конституциялық заңда белгiленген тәртiппен дауыс беру уақыты өзгертiлмесе, дауыс санау жергiлiктi уақыт бойынша сағат 20:00-де басталады. Ал дауыс беру уақыты өзгерген жағдайда дауыстарды санау дауыс беру аяқталғаннан кейiн басталуы қажет.
"Дауыстарды санауды сайлау комиссиясының мүшелерi дауыс беру қорытындысы анықталғанға дейiн үзіліссiз жүргiзедi, қорытындылар дауыстарды санауға қатысатын адамдардың назарына жеткiзiлуге тиiс. Сайлау учаскесiнде дауыстарды санау уақыты санау басталған кезден бастап 12 сағаттан аспауы тиiс", - делінген заңда.
Аумақтық сайлау комиссиялары дауыс санаудың нәтижелерін екі күннің ішінде Орталық сайлау комиссиясына жолдауға міндетті.
Сайлаудың қорытындысы қашан жарияланады
Президент сайлауының алдын ала қорытындысы 10-11 маусымда жарияланады. Сондай-ақ, заң бойынша орталық сайлау комиссиясы дауыс берудің нәтижесін 10 күннің ішінде бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды.
Exit poll қалай жүргізіледі
Экзитпол – дауыс берген азаматтардың арасында жасырын сауалнама жүргізудің бір түрі. Соның негізінде сайлаудың нәтижесіне болжам жасалады.
Қазақстанда ондай сауалнамаларды заң бойынша тіркелген социологиялық қызметтер жүргізе алады. Алайда бір талап бар. Олар осы салада, кем дегенде, бес жыл жұмыс істеуі тиіс.
Экзитполдың ақпараттық-бақылау функциясы басым. Себебі ол қоғамды сайлау нәтижесімен алдын ала таныстырып, дауыс берудің қорытындысын бұрмалауға жол бермейді.
"Сайлау туралы" конституциялық заңға сәйкес, сауалнаманың нәтижесін жариялағанда бұқаралық ақпарат құралдары ақпарат көзін ғана емес, сауалнаманың уақытын, мәліметтерді жинау әділ-тәсілдерін, нақты сұрақты, қатысқан адамдардың санын, сондай-ақ, қателік коэффинциентін де көрсетуі керек.
Сауалнамаларды дауыс беруге арналған бекеттер мен үй-жайларда өткізуге болмайды.