Саясат

Ресейде журналистің тұтқындалуы: Бүгін шеру болатын күн

Қоғамдық мәселе

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Ресейлік зерттеуші журналист, "Медуза" интернет басылымының тілшісі Иван Голунов 2019 жылы маусымның 6-сы күні Мәскеу орталығында "есірткі заттарын өткізу мақсатында заңсыз дайындаған" деген күдікпен ұсталды. Маусымның 8-і күні өткен сот барысында прокурор оны екі айға тұтқындауды сұрады, бірақ сот оны үйқамақта қалдыру туралы шешім шығарды. Журналист өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарып, есірткі сөмкесіне қасақана салынған деп санайды. Голуновтың әріптестері айыптауларды оның кәсіби қызметімен байланыстырып, ІІМ басқармасы ғимаратының жанында пикет өткізді. Маусымның 12-сі күні журналистер мен белсенділер Мәскеуде Голуновты қолдап шеруге шықпақ.

Иван Голунов Ресей журналистері арасында жемқорлық, Мәскеу мэриясы мен өзге де билік органдарында қызметін асыра пайдалану фактілері бойынша жүргізген зерттеулерімен танымал. Қазір журналиске Ресей Қылмыстық кодексінің "Ірі көлемдегі есірткі заттарын өткізу мақсатында заңсыз дайындау" туралы екі бабы бойынша айып тағылған. Бұл баптар бойынша 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған.

ІІМ ҒИМАРАТЫ МАҢЫНДАҒЫ ПИКЕТ

Әріптестерінің дерегінше, Иван Голунов кезекті материалына байланысты ақпарат алуға бара жатқанда оны Мәскеу орталығынан полиция ұстап әкеткен. Адвокаттар мен құқық қорғаушылардың айтуынша, ұстау кезінде журналисті ұрып-соққан. Голуновтың телефонын тартып алып, оған адвокат шақыруға мүмкіндік бермеген. Бір тәуліктен астам уақыт журналиске тамақ бермей, оны ұйықтатпай тергеген.

Ресей ІІМ баспасөз қызметі ұстау кезінде журналисті ешкім ұрмаған деп мәлімдеді. Ведомство дерегінше, тінту жұмыстары кезінде Голуновтың үйінен "үш қаптамаға салынған және орамаға бүктелген ұнтақталған зат пен таразы табылған".

Голунов ұсталған күннің ертесіне Ресей ІІМ Мәскеу қаласы бойынша бас басқармасының сайтында есірткі өндіретін зертханаға ұқсас жабдықтың суреті жарияланды. ІІМ хабарламасында суреттердің қайда түсірілгені айтылмаған және Голуновтың аты аталмаған. Бірақ хабарламада "Цветной бульварда 36 жастағы Мәскеу тұрғыны ұсталды. Жеке заттарын тексеру кезінде азаматтан ішіне ұнтақталған зат салынған бес орама табылды" деп жазылған.

Желі қолданушылары, журналистің әріптестері мен жақындары суреттердің Голуновқа қатысы барын жоққа шығарғаннан кейін, ІІМ жарияланған суреттердің тек біреуі ғана Голунов пәтерінде түсірілгенін мәлімдеді. Бұл суретте үстел үстінде жатқан құжаттар мен флешка бейнеленген. Ведомство қалған суреттер Мәскеуде есірткі дайындап, өткізумен айналысатын топты ұстаудың жедел шарасы мен іздестіру жұмысы кезінде түсірілгенін мойындады. Ресми мәлімдемеге сәйкес, "Голуновтың осы қылмыстық топқа қатысы бар-жоғы тексерілген".

Мәскеуде ондаған адам Иван Голуновты қолдап, Петровка, 38 мекенжайында орналасқан ІІМ бас басқармасы ғимаратының алдында пикет ұйымдастырды. Бірнеше адамды полиция ұстады, кейінірек оларды хаттама толтырмай, босатты. Ұсталғандар арасында жазушы Виктор Шендерович, журналистер Павел Каныгин, Илья Азар, Григорий Туманов, Александр Поливанов және басқалар бар. Келесі күні бір адамдық пикетке қатысуға келген адамдар ғимарат жанында кезекке тұрды.

Маусымның 8-і күні Мәскеудегі Никулин соты Иван Голуновты екі айға тұтқындау туралы прокурор өтінішін қанағаттандырудан бас тартып, журналисті тамыздың 7-не дейін үйқамақта қалдыру туралы шешім шығарды. Осылай сотта қорғаушы тараптың өтініші ескерілді. Журналисті жақтаушылар сот шешімін қоғамдық резонанспен байланыстырады.

Ресей федерациясы коммунистік партиясының Мемлекеттік думадағы депутаты Сергей Шаргунов прокуратурадан журналисті ұстау кезіндегі полиция әрекетін жіті тексеруді талап етті. "Яблоко" партиясының баспасөз қызметі журналист бұл жағдайға кәсіби қызметі үшін тап болған деп білетінін білдіріп, мәлімдеме жасады. Мәскеу мэрі Сергей Собянин ІІМ Мәскеу қаласы бойынша бас басқармасының басшысы Олег Барановқа журналист ісін жеке бақылауына алуды тапсырған. Бұл туралы ТАСС агенттігіне Собяниннің баспасөз хатшысы Гульнар Пенькова хабарлаған.

ГОЛУНОВ ЗЕРТТЕУЛЕРІ

"Медуза" басылымында Иван Голунов Мәскеу мэриясындағы мемлекеттік сатып алу, қоқыс және жерлеу "бизнесі" туралы қоғамдық резонанс туғызған бірқатар зерттеу мақала жариялаған. Оған дейін Иван РБК және "Дождь" телеарналарында Леонид Парфенов пен Ксения Собчактың бағдарламаларында жұмыс істеген. Голунов 100-ден астам зерттеу мен мақала жазған. Ол "Медузада" 2016 жылдан бері жұмыс істейді.

"Медуза" дерегі бойынша, журналиске бұған дейін бірнеше рет қоқан-лоқы көрсеткен. Иван Голунов өзіне қарсы басталған қылмыстық қудалауды жақында жарияламақ болған жерлеу бизнесі туралы зерттеуімен байланыстырады. Зерттеу материалына Ресей федералдық қауіпсіздік қызметіндегі жоғарғы шенді қызметкерлер туралы деректер негіз болған.

Ресейдің арнаулы қызметі Голунов зерттеулерінде бұған дейін де бірнеше рет аталған. Оған журналистің православ радикалдар туралы материалын мысалға келтіруге болады.

"Медуза" басқа басылым, сайттар мен блогтарға Голунов зерттеулерін еркін басып, таратуға рұқсат берді.

Маусымның 10-ы күні ІІМ сараптама қорытындысы Голуновтың тырнағы мен қолында есірткі және басқа психотропты заттар ізі болмағанын көрсетті. Бұл туралы "Агора" халықаралық құқық қорғау тобы жетекшісі Павел Чиков хабарлады. Құқық қорғаушы желіде сараптама қорытындысын жариялады.

Осыдан бұрын Ресей денсаулық сақтау министрлігінің бас наркологы Евгений Брюн сараптамаға алынған журналист несебінен есірткі табылмағанын айтқан.

Голуновты босатуды талап еткендер арасында музыканттар Борис Гребенщиков, Роман Билык, Юрий Шевчук пен Андрей Макаревич, рэп әнші Oxxymiron, жазушылар Людмила Улицкая мене Дмитрий Глуховский, режиссер Андрей Звягинцев, актрисалар Юлия Ауг және Шолпан Хаматова, тележүргізушілер мен журналистер Леонид Парфёнов пен Владимир Познер, кәсіпкер Евгений Чичваркин және құқық қорғаушы Ольга Романова бар.

БАҚ саласында жұмыс істейтін алты мыңнан астам қызметкер "Медуза" тілшісін босатуды талап етіп, ашық хатқа қол қойған. Осындай мәтінде change.org сайтында жарияланған петицияға 110 мың адам қолдау білдірген.

Маусымның 12-сі күні Мәскеуде ресейлік журналистер мен белсенділер Голуновты қолдап шеру өткізбек. Шеру ұйымдастырушылары журналисті қылмыстық қудалауды тоқтатуды, Голуновтың сөмкесіне қасақана есірткі салғандар мен қылмыстық істі қолдан ұйымдастырғандарды жазалауды талап етеді.

Ұйымдастырушылар акция өткізуге Мәскеу билігінен рұқсат алмаған. "Медуза" бейбіт шеруге қатысушылар көшеге Иван Голуновтың мақалалары жарияланған газеттерді қолына ұстап шығатынын хабарлады. Олар Мәскеу уақыты бойынша күндіз сағат 12-де "Чистые пруды" метро станциясының жанында кездесіп, Мясницкая көшесінен Большая Дмитровкаға дейін жүріп өтеді. Шеру ІІМ Мәскеу қаласы бойынша бас басқармасының жанында аяқталып, ары қарай бір адамдық пикетке ұласады.

Санат ОрынӘли, Азаттық радиосы