Саясат
Қазақстан жаңалықтары
Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ел тізгінін қолға алған күннен бастап, бірнеше ауыс-түйістер орын алды. Бұл туралы Bugin.kz тәуелсіз авторлар платформасы Ақордаға сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Білім және ғылым министрі ауысты
Асхат Аймағамбетов білім және ғылым министрі болып тағайындалды.
Ол 2019 жылдың 17 қаңтарынан бері Қарағанды облысы әкімінің орынбасары қызметінде болып, әлеуметтік сала және ішкі саясат мәселелерімен айналысты. Сондай-ақ, Аймағамбетов осыған дейін білім және ғылым вице-министрі қызметін атқарды. Асхат Аймағамбетов 1982 жылы Қарағанды облысында дүниеге келген. Жоғары екі білімі бар. 2012 жылдан бастап мемлекеттік қызметте болды. Түрлі жылдары Қарағанды облысы Білім басқармасының басшысы болды. Ақорда сайтында Мемлекет басшысының Жарлығымен Күләш Ноғатайқызы Шәмшидинова Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі қызметінен босатылғаны хабарланды.
"Ғали Нәжімеденұлы Есқалиев Батыс Қазақстан облысының әкімі болып тағайындалсын", - делінген Жарлықта. Президент әкімшілігінің төрағасы Бақытжан Сағынтаев облыс әктивіне жаңа әкімді таныстырды.
Алтай Көлгінов Нұр-Сұлтан қаласының әкімі болып тағайындалды
Алтай Сейдірұлы Көлгінов 1978 жылы дүниеге келген. Ол А.Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетін, ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясын, "Болашақ" бағдарламасы бойынша Ұлыбританияның Абердин университетін бітірген. Мемлекеттік және жергілікті басқару магистрі, халықаралық коммерциялық құқық магистрі. 2000 жылы Қазақстан Республикасының Қарулы күштерінде қызмет еткен. 2001-2008 жылдары Қазақстан Республикасы Әділет Министрлігі, Мемлекеттік қызмет істері Агенттігі және Бас прокуратура органдарында әр түрлі лауазымда қызмет атқарады. Ал 2008-2010 жылдары - "АлашМедиаГрупп" ЖШС бас директорының орынбасары болған. 2010-2012 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінің аймақтық-ұйымдастыру және мемлекеттік бақылау жұмыстары бөлімінің мемлекеттік инспекторы қызметін атқарса, 2012-2013 жылдары Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары және 2013-2016 жылдары Орал қаласының әкімі қызметінде болды. 2016-2019 жылдары Батыс Қазақстан облысының әкімі болды.