Саясат

Сіз бен біз ұға бермейтін сезім

Сіз бен біз олардың жүрегінде не барын көрген жоқпыз...

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Көптен күткен 9 маусым біз күткендей жақсы жаңалықтарға толы бола қоймады. Елдің өркендеуіне Қосанов үлес қосар деген үміт бір-ақ күнде аяқ асты болды. Митингтер болып, келеңсіздіктер орын алды. Үлкен-кіші, кәрі-жасына қарамай-ақ, "тәртіп сақшылары" көзіне көрінгенді "маймылханасына" апарып қамай бастады... Жәй қамаса жақсы ғой, сүйрей жөнеледі... 

Мүмкін, "саясаттан хабары жоқ, өмір көрмеген қаршадай қыз не айтып қарық қылар?" - деген ойда отырған шығарсыз. Ондай ой менде де болған. Бірақ айтар сөз қашан да табылады ғой. 

Сайлау бастала салысымен қала көшелерінде тәртіп сақшылары "тыныштықты сақтау үшін" барын салды. Тіпті адамдықтан аттап, халықты қағып-соғып, жұлқығандарын да көрдік.

Оларды даттағың да келеді, ақтағың да келеді. Кейде осы бір "жексұрын мамандықты" таңдағандарына өздері де өкініп кететін шығар деймін. Халық көрсе қуана бермейтін, керісінше тұра қашатын, соңғы күндерде алғыстан көрі қарғысты жиі еститін бұл адамдарды көргенде аяп та кетесің. 

Инстаграм желісінде тараған бейнежазбаны көргенде тіпті жүрегім езіліп кете жаздады. "Не үшін жүрсің сен?", "Бл*, бала-шағаң бар ғой сенің", "Асылып өлсеңдерші", "Ұялмайсың ба, братан? Қазақсың ғой біз сияқты, иә?" деген ауыр сөздерді естіп тұрған әскери қызметкердің түрін көрсеңіздер көңіл босарлықтай.

"Көз - адамның айнасы" дегендей, оның жанарына үңілсеңіз, өзін екі оттың ортасында қалғандай сезініп, амалсыз тұрғанын байқайсыз. Оған ауыр сөздер айтылғанымен қоса, видеоға түсіру тіпті ауыр соққы болғанын байқар едіңіз. Ойланып, өзіңізді оның орнына қойып көріңізші, сіз қандай күйде боласыз? Жаныңызға соншама адамның сүйектен өтер сөздері батпай ма?

Сіз бен біз олардың жүрегінде не барын көрген жоқпыз, көре алмаймыз да. Әр адамның ішкі сезімдері тек өзіне ғана аян. Сондықтан, абай болыңыз! Сіздің бір сөзіңіздің өзі адамның сағын сындырып, еңсесін басуы мүмкін. Олар да сіз бен мен секілді ет пен сүйектен жаралған пенде ғой. Жай ғана адамгершілікке салып көріңізші!