Авторлық ертегі

Мұстафа Шоқай: Біздің жол

Тәуелсіздік жолындағы күрес

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Жаңадан шыққан кез келген саяси журнал не газет оқырмандарына өзінің саяси мұратын, жолын және мақсатын таныстырып өтетін әдеті бар. Дәстүрге айналған осы әдетке біз де жүгінеміз. Ұстанған жолымызды ұзақ түсіндіріп жатудың қажеті жоқ. Тоқетерін айтқанда, жолымыз бен мақсатымыз:

Біз, Түркістан тәуелсіздігін жақтаушылар, еліміздің еркі үшін және жұртымыз Түркістанның бодандықтан құтылуы үшін күресеміз. Түркістандықтарға бұдан басқа жол болмаған. Қазір де жоқ және бұдан соң да болмайды.

Біз отанымыздағы Кеңес үстемдігінің ұлттық езгісіне (өзгісіне) қарсы күресіп жатқан миллиондаған түркістандықтардың бір шағын ғана бөлшегіміз. Біздің үніміз – атамекеніміздегі қатты, зор дауыстың бір әлсіз жаңғырығы ғана.

Егер біз халқымыздың ұлттық тәуелсіздігі жолындағы талаптарының мән-мағынасын бұзбай, күшін әлсіретпей, «Жас Түркістан» беттерінде көтере алсақ, онда бәріміз үшін қасиетті және аса ауыр жауапкершілік артқан міндеттердің бір бөлігін өтеген болар едік.

Бұл жаңа бастаған ісімізге тікелей көрсетілетін көмек жоқ дерлік. Алайда біз отанымыздың ұлттық теңдікке ұмтылысынан, жерлестеріміздің рухани көмектерінен нәр аламыз. Сондықтан да біз, барлық ауыртпалықтарға қарамастан, осы басылымды шығаруға бел байладық.

Көлемі жағынан шағын болғанымен, «Жас Түркістан» өз мойнына азаттық пен тәуелсіздік туын көтерудегі аса зор міндеттерді алып отыр. Отанымызда біздің жауымыз Мәскеу диктатурасы өмір сүруде.

«Түркістан пролетариаты дегенді бұрын-соңды ешкім естіген емес» («Не ясная категория»), «Өзбекстан Республикасы (демек, бүкіл Түркістан)пролетариатсыз күресуде».

Бұл сөздерді өткен жылы желтоқсан айында Кеңес Одағы Орталық Атқару Комитетінің сессиясында Шалуа Элиава айтқан болатын. Ендеше сол «пролетариатсыз» және «пролетариат деген тапты ешкім естімеген» Түркістанда Мәскеу «Пролетариат диктатурасын» жариялады. Ал енді бұл өзі қандай «пролетариат диактатурасы» деген сұрауға, әрине, «орыс пролетариатының диактатурасы» деген жауап сәйкес келеді.

Большевиктер «Түркістан республикалары түрі–ұлттық, мазмұны–пролетарлық» деседі. «Түркістанда пролетариат болса, олар – еуропалықтар» (демек, орыстар» деген Шалуа Элиава мойындауы Түркістан республикаларының пролетарлық мәнін анық көрсетіп тұрғандай. Ал біздің мұратымыз – Түркістанда түрі жағынан да, мазмұны жағынан да ұлттық болатын мемлекеттік құрылымға қол жеткізу болмақ. Сонда ғана халқымыз өз жерінің нағыз қожасы бола алады.

Біз Түркістанның азаттығы мен тәуелсіздігі жолындағы күресте жерлестеріміз бен мұғажырларымыздың (эмигрант) қалам қаруы және ақыл-кеңестері арқылы көмектесуін үміт етеміз.

1929ж., №1

Дереккөз: Мұстафа Шоқай. Таңдамалы шығармалар І том. Алматы, 2007 жыл