Weekend

Қандастарға арналған "Қазақ картасы" жасалды

Шетелдік қазақтардың Қазақстан аумағында ел азаматтарымен бірдей құқыққа ие болуына мүмкіндік беретін «Қазақ картасы» атты құжаттың жобасы дайындалып жатыр

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, «Отандастар» қоры және Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы басшыларының бірлескен отырысында айтылды. 

«Отандастар» қорының президенті Нұртай Әбіқаевтың айтуынша, «Қазақ картасы» деп аталатын құжат шетелдік қазақтардың тарихи отанында уақытша өмір сүріп, бейімделуі үшін жасалмақ.

«Шет елдердегі қазақтарды қолдауға бағытталған заң қабылданатын болады. Соның аясында «Қазақ картасы» деген құжат жасалуы мүмкін. Ол құжат сырттағы қазақтарға қазақстандықтармен бірдей өмір сүруге мүмкіндік туғызады. Яғни, білім алу, дәрігерге қаралу, бизнеспен айналысу, жұмыс істеу сияқты барлық өмір аспектілерінде Қазақстан азаматтарымен бірдей құқыққа ие болады. Тек саясатпен айналысуға болмайды. Ол үшін азаматтық алуы қажет. «Қазақ картасы» қолында бар қазақ отбасымен біздің елде ешқандай визасыз жүріп-тұра алады», - дейді Нұртай Әбіқаев.

Нұртай Әбіқаев «Қоғамдық қабылдау» жобасы аясында шетелдік қазақтарға арналған бірыңғай байланыс орталығы жұмыс істеп тұрғанын айтты. «Бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейтін орталық арқылы 750-ден астам ауызша өтініш түскен.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің көші қон процесін мониторингілеу басқармасының басшысы Дастан Айтқұлов «Қазақ картасы» әзірге жоба екенін айтады.

«Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы «Қазақ картасын» жасау туралы ұсыныс берген болатын. Бұл әлі қарастырылуда. Басқа елдерде осындай жақсы тәжірибелер бар. Соны бізге де пайдалансақ деген ниеттен туындап отыр. Негізгі мақсаты - шетелден Қазақстанға келуге дайын емес қазақтардың бейімделуіне уақыт беру. Әзірге ол уақыттың қанша мерзімге берілетіні нақтыланған жоқ», - дейді министрлік өкілі.

Сондай-ақ, бүгінгі жиында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, «Отандастар қоры» КЕАҚ және «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы» РҚБ этникалық қазақтарды және шетелде тұратын отандастарды қолдауды қамтамасыз ету мақсатында өзара ынтымақтастық және әріптестік қатынастарды нығайту туралы Меморандумға қол қойды.

Құжатқа Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев, «Отандастар қоры» КЕАҚ президенті Нұртай Әбіқаев және Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары Зауытбек Тұрысбеков қол қойды.

«Тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап Тұңғыш Президент - Елбасы Н.Ә.Назарбаев шетелде тұратын этникалық қазақтарға ерекше көңіл бөліп келеді. Соның арқасында осы жылдар ішінде біздің еліміздің дамуына елеулі үлес қосып келе жатқан миллионнан астам отандасымыз Қазақстанға оралды. Өз кезегінде, мемлекет оларға қолайлы жағдай жасайды, оның ішінде жұмысқа орналастыру, оқыту және материалдық қолдаулар бар. Шетелде тарихи отанына оралғысы келетін көптеген отандастар тұрады. Сондықтан да біз қазақ диаспорасының әлеуметтік-экономикалық, мәдени және білім беру қажеттіліктерін барынша қанағаттандыруға бағытталған нақты шараларды бірлесіп әзірлеуіміз қажет», - деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.

«Қазақтардың 5-ші Дүниежүзілік құрылтайында Ұлт Көшбасшысы шетелде отандастарға мемлекеттік қолдау көрсету бағыттарын айқындады. Олардың қатарында этникалық қазақтарды шетелде жан-жақты қолдау, Қазақстанға келгендерге қолдау көрсету, қазақ диаспорасы бойынша біздің жұмысымызды заңнамалық тұрғыдан сүйемелдеу. Қысқа мерзімде қазақ диаспорасын мемлекеттік қолдау туралы Заң тұжырымдамасының жобасы әзірленді. Мемлекеттік бағдарлама мен Қазақ диаспорасын мемлекеттік қолдау туралы заң жобасын әзірлеу жалғасуда», - деді Нұртай Әбіқаев.

Меморандум қазақ диаспорасымен мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамытуға жәрдемдесуді, оларды ана тіліне оқыту үшін жағдай жасауды, шетелдегі қазақ мәдени орталықтары мен бірлестіктерінің қызметін кеңейтуді көздейді.

Сондай-ақ, меморандум аясында тараптар елге келген этникалық репатрианттар үшін қолайлы жағдай жасау, қазақ диаспорасы туралы заңнамалық акт әзірлеу және отандастарға қолайлы жағдай жасау және бейімдеу үшін арнайы бағдарламалар қабылдау туралы уағдаласты.

Меморандумды тиімді жүзеге асыру мақсатында 2019 жылға арналған бірлескен іс-шаралар жоспары қабылданды.

ҚазАқпарат