Weekend
Қазақ қызы Қытайда өткен Құрлық біріншілігінде топ жарып, чемпион атанды
Бүгін Қытайдың Синтай қаласында шахматтан ерлер және әйелдер арасындағы Азия чемпионаты аяқталды.
Жүлде қоры 80 мың долларды құраған Құрлық біріншілігіне біздің елден үш шахматшы қатысты. Олар – Динара Садуақасова, Гүлмира Дәулетова және Ринат Жұмабаев. Жалпы, биылғы Азия чемпионатының ерлер арасындағы додасына 14 мемлекеттен 74 шахматшы қатысты. Олардың ішінде 34 гроссмейстер және 20 халықаралық шебер болды. Ал әйелдер арасында 10 елден 36 ару сынға түсті. Араларында 10 WGM, 6 IM және 9 WIM болғанын да түрте кеткіміз келеді. Құрлық біріншілігі швейцар жүйесімен өтіп, 9 турға созылды.
«Сары құрлықтағы» шахматшылардың деңгейлері өте жоғары екенін өздеріңіз де білесіздер. 6-16 маусым аралығында өткен тоғыз тур да тартысты өтті. Мәселен, ерлер арасындағы жүлдегерлерді анықтау үшін, олардың қосымша көрсеткіштеріне жүгінуге де тура келді. Динара Садуақасова әйелдер арасындағы Азия чемпионатында 9 мүмкіндіктен 7,5 ұпай жинап, теңдессіз шықты. Техникалық көрсеткіштері – төмендегі кестелерде. Ал Гүлмира Дәулетова 23-орынды қанағат тұтты. Ерлер арасында бақ сынаған Ринат Жұмабаев та сенім үдесінен шығып, 5-орынға ие болды. Әйелдер арасындағы блиц-турнирде Динара Садуақасова 6 ұпаймен 4-орынға, ал Гүлмира Дәулетова 3,5 ұпаймен 25-орынға орналасты. Ринат Жұмабаев ерлер арасында 5,5 ұпай жинап, 17- орынды иеленді. FIDE сайтының мәліметтеріне сенсек, Динара мен Ринат биылғы Азия чемпионатының қорытындысы бойынша күзде өтетін Әлем біріншілігіне қатысулары керек.
Әйелдер арасындағы қорытынды нәтиже:
Дереккөз: inbusiness.kz