Саясат
Судан президентіне айып тағылуда
Суданның бұрынғы басшысы Омар аль-Башир сәуірде болған әскери төңкерістен кейін алғаш рет көпшілікке көрінді, - деп хабарлайды Reuters агенттігі.
Саясаткерді Хартумда орналасқан прокуратураға жеткізіп, жемқорлыққа қатысты айып тағылған. Прокурор Алаа ад-Дин Абдалла бұрынғы президентке шетел ақшасына иелік етті және бейресми сыйлық алды деген айып тағылғанын мәлімдеді.
Агенттіктің хабарлауынша, аль-Башир еш өзгермеген. Дәстүрлі ақ киім киіп, басында сәлде оранған. Қасындағы күзетшілеріне күлімдеп, олармен сөйлесіп жүрген. Өзіне айып тағылған кезде ғана, көңіл-күйі бұзылған екен.
20 сәуір күні, аль-Баширдің үйіндегі тінту кезінде 113 миллион долларға тең ақша сомасы табылған.
Судан армиясы 11 сәуір күні төңкеріс жасап, мемлекеттегі билікті өз қолдарына алған. Бұл халықтың төрт айлық наразылықтарынан кейін орын алған жағдай. Аль-Башир билік басында 30 жыл бойы болған.