Саясат

Тоқаев жемқорлыққа қарсы ұлттық бюроның басшысын отставкаға жіберді

Тағы бір шенеунік қызметінен кетті

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қауіпсіздік комитетіндегі, Елбасының қауіпсіздігі қызметі мен Ұлттық бюродағы үш шенеунікті лауазымынан босатты.

Мемлекет басшысының өкіміне сәйкес, Әнуар Төлеуханұлы Садықұлов басқа жұмысқа ауысуына байланысты Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары – Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің "Арыстан" қызметінің бастығы лауазымынан босатылды. 13 маусым күні Садықұлов Қазақстанның мемлекеттік күзет қызметінің бастығы болып тағайындалған еді.

Сондай-ақ Тоқаевтың шешімімен Қазақстан Республикасы мемлекеттік күзет қызметінің бірінші департаменті үшінші басқармасының аға инспекторы Жасұлан Аманжолұлы Сәрсембай Қазақстан Республикасы мемлекеттік күзет қызметі бастығының орынбасары – Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті – Елбасының қауіпсіздігі қызметінің бастығы міндеттерін уақытша атқарудан босатылды.

Президенттің жарлығымен қайта құрылған ұлттық бюрода тағы бір шенеунік отставкаға кетті.

"Қайрат Иматұлы Сұнтаев Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының басшысы қызметінен босатылды", - деп жазылған өкімде.

Айта кетейік, Қайрат Сұнтаев Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросына өткен жылы маусымда басшы болып келген еді.

Сұнтаев  1961 жылы 7 мамырда туған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Ақтөбе облысындағы департаментін басқарған. Әр жылдары президен әкімшілігінде жұмыс істеді, Атырау облысы ішкі істер департаментінің бастығы, ІІМ тіргеу комитетінің басшысы, елордалық прокурордың орынбасары болды.

Таяуда ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі екі ведомствоға бөлінді. Агенттік ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі болып қайта құрылды. Ал ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің құрамында болған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі болып бөлініп шықты. Тоқаевтың жарлығымен Алик Шпекбаев Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы қызметіне тағайындалды.