Саясат

Өзбекстанның бірінші президентінің жиені өзбек үкіметіне маңызды үндеу жолдады

Гүлнара Каримованың қызы Иман Каримова үндеу жасады

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Өзбекстанның бірінші президенті, марқұм Ислам Каримовтің жиені Иман Каримова Instagram парақшасы арқылы Өзбекстан мемлекеттік қауіпсіздік қызметі мен бас прокуратурасына үндеу жасады. Ол қамауда отырған анасы Гүлнара Каримоваға түрмеде қысым жасалатыны туралы мәлімдеген. "Түрмеде тиісті медициналық көмек көрсетілмегендіктен анамның жағдайы күннен-күнге нашарлап бара жатыр" деп мәлімдеген 21 жастағы Иман Каримова.

Биыл көктемде түрмеде отырған Гүлнара Каримовамен жолыққан оның швейцариялық адвокаты Грегуар Манжа да Иманның сөзін растайды.

"Каримоваға ем-дом жасалмайды. Бізбен кездескеннен кейін оны түрменің медициналық блогынан шығарып жіберген. Дәрігерге де жолықтырмай, оған үнемі психологиялық қысым жасайды" деп жазады адвокат өзінің Twitter парақшасында.

Өткен аптада Өзбекстан бас прокуратурасы Гүлнара Каримоваға "қысым жасалып, медициналық көмек көрсетілмей жатыр" деген ақпаратты жоққа шығарған. "Денсаулығы қалыпты, қажетті медициналық ем-домның барлығын жасауға кепіл береміз" деп мәлімдеген прокуратура.

Өзбекстанда Гүлнара Каримованың үстінен екі қылмыстық іс қозғалған. Тергеушілер "мемлекетке екі миллиард доллар зиян келген" дейді.

2015 жылы Ташкент соты Гүлнара Каримованы салықтан жалтару, ақша жымқыру және бопсалау қылмыстарына айыпты деп танып, бес жылға бас бостандығын шектеген. Кейін оның үстінен қаржы алаяқтығын жасаған, шетел валютасын жасырған, кеден заңын бұзған және қылмыстық жолмен тапқан ақшаны заңдастырған деген айыптар бойынша тағы бір іс қозғаған.

2017 жылы желтоқсанда Өзбекстан соты Гүлнара Каримованы 10 жылға бас бостандығынан айырған. 2018 жылы жазда оның жазасын жеңілдетіп, бес жылға бас бостандығын шектеу жазасына ауыстырған. Сот үкіміне сәйкес, Гүлнара Каримова қызы Иманның үйінде өтеуі тиіс болған, оның үйден шығуына және интернет пен байланыс құралдарын пайдалануына тыйым салған.

2019 жылы наурыздың басында Өзбекстан бас прокуратурасы Гүлнара Каримованың сот шешімімен үйқамақтан түрмеге ауыстырылғанын хабарлаған. Биліктің мәлімдеуінше, үйқамақта отырған Гүлнара Каримова "жаза өтеу шарты мен тәртібін қасақана бұзған": бірнеше рет байланыс құралдарын пайдаланып, қызының үйінен рұқсатсыз шығып кеткен.

2013 жылы швециялық басылымдар Өзбекстанға инвестиция салуға ықылас білдірген халықаралық коммуникациялық компаниялардың Гүлнара Каримоваға пара беруге мәжбүр болғаны туралы жазған еді. Шулы мақалалардан кейін Швеция, Швейцария, Нидерланд, АҚШ және басқа елдерде тергеу басталып, ірі телекоммуникациялық компаниялардың іс-әрекетін тексере бастаған.

Мобильдік байланыс қызметін көрсететін үш ірі компания - Telia, Vimpelcom және МТС Өзбекстанның телекоммуникациялық нарығына кіру үшін Гүлнара Каримоваға бірнеше миллион пара бергенін мойындаған. Бұдан кейін АҚШ ресми түрде Каримованы пара алды және 865 миллион доллар қаржының ізін жасырды деп айыптаған.

azattyq.kz