Саясат
ҚР премьер-министрі жаңа министрлерді таныстырды
Үкімет баспасөз қызметінің мәліметінше, Қазақстан Республикасының премьер-министрі Асқар Мамин Экология, геология және табиғи ресурстар жаңа министрлігінің ұжымымен кездесуде ҚР Президентінің Жарлығымен ведомство министрі болып тағайындалған Мағзұм Мырзағалиевті таныстырды.
Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстардың ұтымды пайдаланылуын қадағалау, геология және минералды-шикізаттық базаны қайта өндіру өкілеттіктері, сондай-ақ, қатты тұрмыстық қалдықтардың айналымы, сумен жабдықтау және су тарту, орман шаруашылығы мәселелері берілді.
Асқар Мамин Мағзұм Мырзағалиевтің білікті маман, тәжірибелі басшы екенін атап өтті. Ол мұнай-газ саласында жұмыс істеген, "Қазмұнайгаз" ҰК төрағасының орынбасары, мұнай және газ вице-министрі қызметтерін атқарған. Қазіргі таңға дейін энергетика вице-министрі лауазымын атқарды.
"Президент Сізге, өте маңызды бағытты басқаруды және жаңа мемлекеттік органның жұмысын ұйымдастырып, алға қойылған міндеттерді орындауды сеніп тапсырды", - деп ҚР премьер-министрі Асқар Мамин, барлық ұйымдастыру мәселелерін жедел шешуді және жұмысқа кірісуді тапсырды.
Қазақстан Республикасының премьер-министрі Асқар Мамин жаңа ҚР Сауда және интеграция министрлігінің ұжымына Мемлекет басшысының Жарлығымен тағайындалған басшы Бақыт Сұлтановты таныстырды.
Асқар Мамин таныстыру барысында Бақыт Сұлтановтың басшылық қызметтердегі көп жылдық жұмыс тәжірибесін атап өтті. Ол экономика және бюджеттік жоспарлау, қаржы министрліктерін басқарған. Түрлі жылдары Премьер-Министрдің орынбасары, Президенттің көмекшісі, Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары қызметтерін атқарған.
Осыған дейін Нұр-Сұлтан қаласының әкімі қызметін атқарған. "Бақыт Сұлтановтың жаңа мемлекеттік органның жұмысын ұйымдастыруға және қойылған міндеттерді сапалы орындауға қажетті мол тәжірибесі бар", - деді Асқар Мамин.
ҚР Премьер-Министрі Б. Сұлтановтың Мемлекет басшысының үлкен сенімін ақтап, жаңа Министрліктің алдында тұрған маңызды міндеттердің сапалы орындалуын қамтамасыз ететініне сенім білдірді.
ҚР Сауда және интеграция министрлігіне ішкі және сыртқы сауда саясаты, экспортты үйлестіру және ілгерілету, техникалық реттеу және стандарттау саласындағы функциялар берілген.
Сондай-ақ, Асқар Мамин ҚР жаңа мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованы таныстырды.
Үкімет басшысы Арыстанбек Мұхамедиұлына мәдениет, спорт, туризм салаларының дамуына қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.
"Арыстанбек Мұхамедиұлы - тәжірибесі мол басшы. Министр қызметінде бес жыл ішінде қарқынды жұмыс істеп, осы саланың өзекті мәселелерін шешуге қатысты нәтижелі жұмыстарды атқарды", - деді Асқар Мамин.
Өз кезегінде, Арыстанбек Мұхамедиұлы ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа туризм, мәдениет және спорт салаларын дамытудың мемлекеттік бағдарламаларын іске асырудағы өзіне артылған сенім мен көрсеткен қолдауларына алғысын жеткізді.
Асқар Мамин ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің ұжымына жаңа басшыны таныстыру барысында Ақтоты Райымқұлованың аталған саладағы жоғары біліктілігін атап өтіп, ведомство алдына қойылған мақсаттарға қол жеткізуде табыс тіледі. Ақтоты Райымқұлова Мәдениет және спорт министрлігінің құрылымында 6 жылға жуық уақыт жұмыс істеп келеді, 2016 жылғы қазаннан бастап вице-министр қызметін атқарған.