Weekend
Мүмкін, біздің жағдайымыз қалың ел айтатын "Арабияныкіндей" болмай жатуының себебі - Марко Поло айтқандай, қиындық пен мұқтаждыққа кімнен де болса төзімді болуымыздан шығар...
"…Олар (қазақтар немесе көшпелілер) бие сүтін ақ шарап тәрізді ішеді, кемиус деп атайды, өте дәмді. Қарулары садақ, семсер және шоқпар. Садақ атудың нағыз шебері… Қажет болса айшылық жолға ешқандай азықсыз шығады …Қажет болса қару-жарағымен түнді ат үстінде өткізуге бар. Қиындық пен мұқтаждыққа кімнен де болса төзімді". Дәл осылай депті итальян саяхатшысы Марко Поло.
"Жоқ-жоқ" деп олайтартса да, бұлай тартса да тиынын түкке жеткізе алмай жүрген біздің жұрттың бір кем дүние деп әуре болатыны бар. Айлап тапқан еңбек ақысы жалдамалы пәтері мен тамағынан артылмайтын "қара халық" соның өзіне разы, әйтеуір. Артылған ақшасын той-томалаққа, жылтыраққа шашқанға құмар-ақ біздің ел. Сондағысы - "Жұрт не дейдінің" кері ғой. Құр мақтанға салынып, "жұрттан қалғысы келмей", тіпті "озып та кеткісі" келіп тұрады. Көңіл үшін ғой бәрі, әрине. Бірақ "айшылық жолға азықсыз" қалмай, бүгінгінің нанын жей бермей, ертеңгінің де қамын жеу керек қой.
Күн сайын үкімет берер деп үміттенген "қара" халық өзінің хәл-жағдайынан көрі әртістің айтқан "қара" деген сөзімен күресіп әлек. "Мен ояндым" деп ояу жүргенімен, әлі де ұйқысы қана қоймаған, не істеп, не қойып жүргенін аңғармайтын ұйқылы-ояу жағдайда... - деп халықты сынайын десем тағы да болмас.
Мүмкін, біздің жағдайымыз қалың ел айтатын "Арабияныкіндей" болмай жатуының себебі - Марко Поло айтқандай, қиындық пен мұқтаждыққа кімнен де болса төзімді болуымыздан шығар...