Редактор бағаны

Қоғамдық сенім кеңесі Ұлттық идеологияға жұмыс жасауы керек

Қоғамдық сенім ұлттық кеңесінің күн тәртібіндегі мәселесі: Ұлттық идеология болуы тиіс

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Синофобия, өзге ұлт өкілдерінің арамызда құлашын кеңге салып жүруі, халықтың солардан сескеніп, алаңдап шу көтеруі секілді мәселелердің аузын буып, бір-ақ түйінмен шешуге болады. Осы уақытқа дейін айтып жақ талып, сөзіміздің далаға кеткенін де, халықтың ұсыныстарының еленбей қалуларының да соңында ұлттық идеология жатыр.

Ұлттық идеология түсінігі Орта Азия және Шығыс елдерінде (Жапония, Қытай, Малайзия, Өзбекстан т.б.) өзекті мәселе ретінде көтеріліп, өз нәтижесін берді. Тек кешегі Алашорда үкіметінің негізгі ұстанымына айналған бұл «ұлттық идеологияның» қазақ халқы үшін бодандық қамытын кигеннен кейін қайта қалыптаспағанын, тіпті қайта халық санасында оянуы туралы жұмыс жасалмағанын түсіне алмай келеміз.

Халықтың мемлекет үшін өмір сүруі, осы ұлттың, осы елдің мүддесі мен болашағы үшін, дамуы жолында еңбек етуінің басында ұлттық идеология тұрмаса, бұл елге ешкімнің жаны ашымайды. Ашығын айтқан кезде, дәл қазіргі жағдайда әлеуметтік проблема ушығып,халық бірнеше ай жалқысыз қалатын күнге түссе, елді тастап кетуге мәжбүр болады немесе сенім өледі.

Бұл кеңес құрылады екен, ендеше ұлттық идеология (жапондарша айтқанда, «мемлекеттік национализм идеологиясы») стратегиясы жасалуы тиіс. Бұл жолда төмендегі бірнеше ойды ұсыныс ретінде ұсынамын:

-   Түріктердің туларын әуелетіп жүруі, кез келген жерде көтеріп жүре алуына бірінші себеп те, елдегі ұлттық идеологиясына әсер ететін тәсіл (Ту үшін жасалған роликтерін айтпағанда). Елде көк туды желбіреткендерді ұстап, оларға айыппұл салатын заңды да, түсінікті де алып тастау керек;

-   Қазақ халқының тамыры кешегі қазақ хандығында, Алашорда үкіметінде ғана жатқан жоқ, арысы Алтын Орда, Күлтегінде жатыр. Халыққа бодандық жайлы, езігде кеткен тарихы турасында ақпарат берегеннен гөрі, оған дейін қандай ұлы халық болғаны туралы, әлемді жаулаған ұлы қағандықтардың ұрпағы екенін санаға сіңдіретін идеологиялық жолдарды алға қою керек;

-   Мультфильм. Бұл осыған дейін де айтылып келе жатқан мәселе болса да, мойын бұрып қарайтын жауапкершілік екенін сезінетін кез келді. Ұрпақ тәрбиесінде мультфильмнің алатын орны ерекше екенін ескерер болсақ, өте сапалы және тарихы мен танымы кең дүниелерді балаларға ұсыну өте маңызды. Бюджеттің бір тамшысын осы мәселеге бұрып, үлкен жобалар жасауға мұрындық болған жөн.

Ұлттық идеологиясы берік әрі ұстанымы мен мүддесі бір жерде тоғысқан халықтың берекесі де, саяси және экономикалық өсуі де болады.