Саясат

Дәулеткерей Кәпұлы: «Дәл осы айтысқа Ринаттың шықпағаны дұрыс болды»

Айтыс

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Жыл сайынғы дәстүрге сәйкес, Тарбағатай ауданы, Ақсуат ауылында «Туған жерге туыңды тік» атты халықаралық айтыс өткен болатын. Обалы қане, Ырғызбай ДОСҚАНҰЛЫ атындағы халықаралық Қазақ күресінің Гран-приі үшін балуандар бәсекесі, «Ұлы дала қазанаты» атты 140 шақырымдық аламан бәйге дүбірі, әлемдік бокс жекпе-жегі сияқты үш тәулікті қамтыған ірі мәдени-спорттық шараның ел асыға күткені осы айтыс еді. Өйткені, «TasGroup»  компнаиялар тобының жетекшісі, осы топырақтан түлеген жас кәсіпкер Дулат ТАСТЕКЕЕВТІҢ қолдауымен Ақсуатта төртінші рет өтіп отырған  айтысқа Ринат ЗАЙЫТОВТЫҢ да қатысатыны бәрін елеңдеткен болатын. Алайда, дау-дамайы әлі күнге басылмай тұрған Президент сайлауының соңына ала келген бұл айтысқа Ринаттың қатыспайтыны анық болды. Жұрт арасында айтыкердің келе алмауын Алматыдағы толқулардың ортасынан табылуымен байланыстырған әңгіме де өршіп кетті. Одан өзге дәл айтыс өтетін күні Ринаттың бұл жыр додасына қатысудан шеттетілгені әлеуметтік желілерде талқыланып, ақпараттық сайттарда да тарап жатты.

Осыған орай «Туған жерге туыңды тік» атты айтыстың куәсі болған «Жас алаш» тілшісі, айтыскер Рүстем ҚАЙЫРТАЙҰЛЫ мен осы айтыстағы қазылар алқасының мүшесі Дәулеткерей КӘПҰЛЫНЫҢ пікірін білген еді.

Рүстем Қайыртайұлы:

- Менің ойымша, Ринаттың қатыспауы сол оқиғаларға тікелей қатысты. Өйткені, сол кезде Ринаттың қолын байлап әкеткен болатын. Ал Ринаттың қолына байланған кісен басқада ақындардың қолына түскені деп білемін. Оны біз барып босатып алдық. Әйтпесе, қамап ұстамақшы болған екен. Оған тісін басып жүрген тиісті орындарға жетті бұл әңгіме. Одан соң осы айтыс болатыны, оған Ринаттың қатысатын белгілі болғаннан кейін енді бұл жақтағы халықты көтеріп, ел іші қозғалып кете ме деген сақтық болған сияқты меніңше. Жалпы, оның қатыспауы саяси жағдайға байланысты екені анық.

Дәулеткерей Кәпұлы:

- Ринаттың келмеу себебін айтпас бұрын осы айтыстың өзі болу - болмау себебіне тоқталған жөн шығар. Облыстық әкімдіктен бұл айтыс болмайтыны туралы әңгіме шығып, Жүрсін аға жасыратыны жоқ Президент әкімшілігіне шығып, артынша өзім де хабарластым. Ондағылар дәл осы айтысқа қатыспағанын жөн көрді. Бірақ, бұл Ринаттың айтыстан біржолата ысырылды дегенді білдірмейді. Алдағы уақытта да айтыстар болады, оның қатысуына ешқандай кедергі болмайды.  Бір айтатын жайт, мұндайды басқа күштер де пайланғысы келуі мүмкін, қалай дегенмен тәртіп те керек. Айтысқа да жаным ашиды, елдің де тыныштығын ойлайтын қарапайым азамат ретінде тәртіп пен тұрақтылық маңызды. Тәртіпті халық дұрыс түсінуі керек. Дәл осы айтысқа Ринаттың шықпағаны дұрыс болды.