Саясат

Қазақстандықтар 6,2 трлн теңге кредиттік қарыз алған

Әрбір қарыз алушының мойнында 914 мың теңге кредит бар

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Бірінші несие бюросының хабарлауынша, 1 мамырдағы жағдай бойынша қазақстандықтардың (жеке тұлғалар) мойнында 6,2 трлн теңге кредиттік қарыз бар. 

Сәуір айында ел тұрғындарына берілген кредиттік қарыз наурызбен салыстырғанда 1,4 пайызға көбейген. Ал жыл басынан бері 2,8 пайызға артып отыр. Сәуір айында жеке тұлғаларға берілген кредиттік қарыз алғаш рет 300 млрд теңгеден асып түскен. Ал берілген кредит саны анау айтқандай өзгеріске ұшыраған жоқ. Сәуірде берілген кредиттік қарыздың 91,5 пайызы екінші деңгейлі банктерде рәсімделген. Микро кредиттік ұйымдардың үлесі 5,2 пайызға тең. Онлайн-несиелеу компаниялары арқылы берілген кредиттік қарыздың үлесі 2,9 пайызды құрады. 1 мамырдағы жағдайға сәйкес, несие қоржынының, яғни жеке тұлғаларға берілген 6,2 трлн теңгенің 54,7 пайызы – кепілсіз берілген тұтынушылық кредиттер, 25,6 пайызы – ипотека, 11,8 пайызы – кепілмен берілген тұтынушылық кредиттер, 6,8 пайызы – автонесие, ал 1,1 пайызы – кредиттік карталар.

 Сәуір айының қорытындысы бойынша әрбір қарыз алушыға шаққанда орташа берешек 914 мың теңгені құрап отыр. Бұл наурыздағы көрсеткіштен 1,1 пайызға жоғары. Ал сәуір айында берілген кредиттік қарызды (300 млрд теңгеден астам) әрбір қарыз алушыға шақсақ, 510 мың теңгеден айналады екен.  Бөлшек несие нарығындағы кредиттердің сапасы жақсарып келеді. Мәселен, өтеу мерзімі 90 күннен асып кеткен, яғни NPL кредиттердің көлемі бір ай ішінде 0,1 пайыздық пунктке азайып, 13,3 пайызды құрады. Жалпы жыл басынан бері 0,8 пайыздық пунктке төмендеген. 

Бірінші несие бюросы жүргізетін кредиттік салауаттылық индексі сәуір айының қорытындысы бойынша 66 пунктті көрсетіп отыр. Демек, «жақсы» қарыз алушылардың үлесі 66 пайызға тең деген сөз. Ал дефолт жағдайындағы (міндеттемелерді өтемеген) қарыз алушылардың үлесі 19,1 пайызға дейін жетіп отыр. Кредит нарығына өте тәуелді қарыз алушылар үлесі 15,6 пайыздан 14,9 пайызға төмендеген. Сәуірде тұтынушылық несиелер мен ипотекалық кредиттер көп берілген. Эксперсс-кредиттер көлемінің өсімі шамамен 19 пайызды құраса, ипотека өсімі 28 пайызға тең болды. 

Фархат Әміренов

Атамекен бизнес