Weekend

20 маусым кинопремьералары

«Ойыншықтар хикаясы 4» мультфильмі қазақша дубляжбен шығып отыр

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com


Бүгін қазақша дубляждалған Pixar мультфильмі, отандық детектив, «Ла-Ла Ленд» продюсерлері ұсынған музыкалық драма, қуыршақ-маньяк Чакидің жаңа оқиғасы, роботтан тәрбие алған адам туралы фантастика, сүңгуір кеме экипажы жайында француз боевигі көрерменге жол тартты.

«Ойыншықтар хикаясы 4» История игрушек 4» / «Toy Story 4») [6+]: Pixar студиясының әйгілі франшизасының жаңа бөлімі. Мультфильм қазақ тіліне дубляждалды.

Сюжеті алдыңғылардың желісін жалғастырады. Энди колледжге түскеннен кейін, оның Вуди бастаған сүйікті ойыншықтары - кішкентай Боннидің үйіне қоныстанады. Бірде Бонни асүй сайманынан жасалған ойыншықты үйге алып келеді. Вилкинс деген аты бар жаңа ойыншық кішкентай қыздың сүйіктісіне айналады. Бірде Вилкинс жоғалып кетеді. Ал басқа ойыншықтар оны іздеуге шығады.

«Мен осындамын» («Я здесь») [12+]: Агата Кристидің шығармаларынан шабыт алған отандық детектив. Режиссері – Ресейден шыққан Светлана Петрийчук. Рөлдерде Азиз Бейшеналиев, Айсұлу Әзімбаева, Мұрат Бисембин, Чингиз Капин, Жалғас Жанғазин, Ғазрет Ержанов және басқа да белгілі отандық актерлер ойнайды.

Фильм оқиғасы үйлену тойы қарсаңында қалыңдық жоғалған елордалық қонақүйде өтеді. Бір қарағанда қалыпты жағдай, тергеушінің ойынша, той алдындағы қобалжуға байланысты пайда болуы мүмкін, бірақ түнгі уақытта қонақүй тұрғындарының тыныштығын бұзған күрделі мәселеге айналады.

«Жастық жалын» За мечтой»; «Teen Spirit») [12+]: Британ актері Макс Мингелланың алғашқы режиссерлік жұмысы. Музыкалық драманың басты рөлінде - Эль Фаннинг.

Басты кейіпкер - ағын қалада өскен, ұяң мінезді Вайолет. Қыз кішкентай кезінен атақты болуды армандайтын. Ол бүкілхалықтық конкурсқа қатысуға дайындалады. Вайолеттің алдында талантын көрсету ғана емес, сенімсіздігін жеңу міндеті де тұр.

«Бала ойыны» («Детские игры» / «Child's Play») [18+]: Чаки есімді маньяк-қуыршақ туралы хоррор-франшизаның жаңарған бөлімі. Зұлым қуыршақты Марк Хэмилл («Жұлдызды соғыстар») дыбыстайды.

Жаңа бөлімнің осыған дейінгі фильмдер сериясынан айырмашылығы бар: Чаки бағынбай кеткен робот болады деп айтылуда. Ал бұрынғы бөлімдерде қуыршаққа кісі өлтірушінің жаны қонып, сол себептен тірілуші еді.

«Мен анамын» («Дитя робота» / «I Am Mother») [16+]: австралиялық фантастикалық триллер. Басты рөлдерде - Хилари Суэнк пен Клара Ругор.

Сюжет бойынша жаһандық катаклизмнен кейін Жер бетінен адамдар жоғалады. Бір бункерде апаттық бағдарлама өздігінен іске қосылып, "Ана" деп аталатын ақылды робот сақталған адам эмбриондарының арасынан біреуін таңдайды. Қыз "Ананың" көмегімен өсіп-жетіледі. Ол өмірінде ешбір адамды көрмейді, ешқашан сыртқа шықпайды. Бірде олардың есігінің алдында бір әйел пайда болып, көмек сұрайды.

«Қасқырдың шақыруы» («Зов волка» / «Le chant du loup») [16+]: француз боевигі.

Басты кейіпкер – естілген дыбысты танып-біле алатын жас сарбаз. Ол сүңгуір қайықта қызмет атқарады. Қарулас жолдастары алдында жоғалтқан абыройын қайтару үшін, жас жігіт ядролық соғысқа әкелуі мүмкін істі өз бетімен тергеуге кіріседі.

Сондай-ақ «Берлин, я люблю тебя» («Berlin, I Love You») деген киноальманахы прокатқа шықты.