Weekend

ҰБТ - үш сөз, ГРАНТ - бір арман!

Қорықпаңыз. ҰБТ тапсыра алмаған адамдар айтқандай, трагедия емес. Ешкім сізді соғыс алаңына апара жатқан жоқ! Қысқасы, Аллаһтың бұйырғаны болады! Не айтқым келгенін түсіндіңіз ғой, иә?!

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Кеше ғана мектеп табалдырығын аттағандай болып едім, сөйтсем кеше ғана ҰБТ емтиханын тапсырып шығыппын.

Бір жыл бұрын осы күнге тезірек жетсем екен деп армандап, тестке дайындықты бастап кеттім. Уақыт зымырап өтіп, аталмыш сынақтың уақыты да жақындай түсті. Көңілде бір үміт, бір күдік. "Армандаған баллымды аламын ба?" - деген сұрақ мазалап, көңілімде толқу пайда болды, күн сайын жылайтынды шығардым. Дайындық барысында барынша қолдауын көрсеткен Ботагөз апайым: "Мен сені ешкімге ақысын жібермейтін, барлығын жұлып жейтін қыз деп ойласам, сен өзің нағыз жылауық екенсің ғой," -деп ұрсатын болды. 

Аудитория іші. Сонда да намыс,  шіркін, жайына қалдырсын ба? Ешкімнің алдында басымды төмен салғым келмейтін мен сыртқа дым білдірмеуге тырыстым. Алдыма сұрақ кітапшасы келгенде "бисмилляны" айтып бастадым. Шпор да, телефон да жоқ. Бар білгенімді белгілеп шықтым. Сұрақтар мен күткендей оңай болған жоқ! Оны көріп 110-ға жетсе болды деген ой болды. Тапсырдым! 

Аудиториядан күліп шықтым. Ішкі түйсігіме бәрі жақсы болатындай сезілді. Кешкі уақыт жақындағанда уақыттың өтпей қойғаны-ай! Уайымнан бір орында байыз тауып отыра алар емеспін. 

Кенет, нәтижені көргенде алақайлап, секіріп қуандым. 114 баллды еншілеппін. Барлығы қоңырау соғып, хабарлама жазып құттықтап жатыр. Қуанышымда шек болмады!

Көкшетаулық құрбым Назым Сапарова айтқандай, бәрі көрген түстей өте шықты. Арқамнан ауыр жүк түскендей  болып, кешегі түнді уайымсыз өткіздім-ау, әйтеуір! 

                                 * * * * *

"ҰБТ-ға қалай дайындалдың?" деген сұрақтар да болды. Айта кетейін, мүмкін, керегіңізге жарап қалар! 

1. Мен ҰБТ-ға ешқандай артық ақша шығармай, мұғалімнің көмегінсіз өз күшіммен дайындалдым. Себебі, өзімнің күшім жетеді деген нәрсеге қаражат жұмсағым келген жоқ. Жаңадан келген мұғаліміммен де қарым-қатынасым жақсы бола қойған жоқ. Ашығын айтқанда, мен ол кісіні мұғалімім деп мойындамадым. 

2. Тестті құрғақ жаттамас бұрын 5-11 сыныптың оқулықтарын түгел қамтып шықтым. Әр кітапты 3-4 қайтара оқыдым. 

3. Өзіңізді тексеріп тұру үшін, баллыңыз жеткіліксіз болса, өзіңізді қайрау үшін таныс емес тест нұсқаларын шешіп тұрған жөн. 

4. Дайындық барысында қазақстан тарихы мен екі бейіндік пәнге басымдық берген абзал. 

5. Өзіңізді қинамаңыз! Жалығып кетсеңіз, назарыңыз басқа жаққа ауып тұрса, демалыңыз. Ойыңызды жинақтаған соң дайындыққа қайта оралыңыз. 

6. Өз күшіңізге сеніңіз! Ешкімнің сөзіне құлақ аспаңыз! (Менің ең әлсіз тұсым - осы еді.)

                                * * * * *

Уайымдамаңыз! Сіз жыл бойы дайындалдыңыз. Өз күшіңізге сеніңіз! Сізге өзіңізден басқа ешкім көмек бере алмайды (адалынан аламын десеңіз)! Қорықпаңыз. ҰБТ тапсыра алмаған адамдар айтқандай, трагедия емес. Ешкім сізді соғыс алаңына апара жатқан жоқ! Қысқасы, Аллаһтың бұйырғаны болады! Не айтқым келгенін түсіндіңіз ғой, иә?!