Weekend

ҰБТ-дан кейін де өмір бар

Құрметті, талапкер бауырларым!

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

ҰБТ тапсырғандарды және тапсырып жатқандарды шын жүректен құттықтаймын! Бақтарың жанып, білімнің шыңдарынан көріне беріңдер! Алайда, ҰБТ тағдырларыңды шешетін мәселе емес. Тапсырдыңдар, болды бітті. Ары қарай өмір жалғасып кете береді. Дайындалған, дайындалмаған, әділетсіздік болған, көшірген — барлығы да өзіне нәсіп болған ұпайларын алды. ҰБТ сендердің білім деңгейлеріңді тексермейді. Тек сендердің құлшыныстарың мен ынталарың ғана сендерді өмірде көтереді. Өзім де 2 жыл бұрын талапкер болғанмын. Сендер сезгеннің барлығын да сезгенмін. Араларыңдағы кейбірлеріңнің жүйкелерің шыдамай, әр түрлі қиянат пен жамандықтарға барып жатқандарынды теледидардан байқап жүрміз. Мұнда кейбір сұрақтарыңа жауап берейін, мүмкін ойларыңды өзгертерсіңдер…

1. Аз ұпай жинап қалдым

Аз ұпай жинағаның әрине өкінішті. Бірақ, қайғыруға себеп емес. Өмір заңы өте қызық. Естеріңе де ме, кейде іздеп жүрген нәрсеңді керек кезде таппайсың, ал керек емес кезде алдыңнан шыға келеді. Сол секілді, аз жинағаның тек жақсылыққа деп ниет етіп, оқуға түсудің басқа жолдарын қарастырғаның жөн. Өмірде бір есік жабылса, 3 есіктің ашылатұғыны бар емес пе? Сол үшін, қайғырып отырғаннан гөрі, жоспар жасап, қай мамандыққа түссең қолайлы болатын жолдарын қарастыруыі абзал.

2. Ата-анамды жерге қараттым, сенімдерді, үміттерді ақтамадым

Ақтап-ақтамағаныңды әлі уақыт көрсетеді. Өмір бір сынақ болғандықтан, бұл алаңда бізге әр түрлі қиындықтар мен мәселелер әбден кездесуі мүмкін. Біз өмірде не болатынын білмесек те, болған жағдайға көрсететін реакциямызды басқара аламыз. Не болса да, сабырлықты көрсетуге тырысудың өзі үлкен жетістік. Маңыздысы, өмірде қандай қиындық келсе де, пес етпей мақсат қойып, алыстарға ұмтылу керекпіз. Доптан үлгі алсақ тіпті жақсы. Допты қаншалықты қатты тепсең, соншалықты ол алысқа ұшады.

3. Таңдаған, армандаған универге түсе алмадым

Әрине, өмірде қалаған нәрселеріміздің, алға қойған мақсаттарымыздың барлығы дерлік орындалады деген заң жоқ. Алайда, соны қойып армандай алған адамның өзі жетістікке деген қадам жасады деген сөз. Есептің тек бір шешім жолы болмайтын секілді, ұнатқан, сүйген, армандаған университетіңе жететін жол біреу деген емес. Алға мақсат қойып, оған қисыннан, қиын жолдармен жеткен адамдарды көп танимын (Оларды келесі жазбамда таныстырам). Егер нысанаңды нақ қойған болсаң, оған жетер күш-қайратты да есептеген боларсың. Арманың қаншалықты биік болса, соған орай қайратың 2 есе көп болуы керек. Білімнің ерте-кеші жоқ. Маңыздысы соңында нәтиже алып келсе болғаны.

4. Амал жоқтан сұранысы жоқ мамандыққа түсіп қалдым (көбінесе мұғалімдікті алға тартады)

Сұранысы бар болса, мамандығың мықты екен деген сөз емес. Керек болса, сварщикті де сонау Қазақстанның түпкір-түпкірінен шақыртып аламыз. Егер сапалы іс жасайтын болсаң, сенен жақсы, сенен мықты адам жоқ. Америкаға кетіп қалсаң да, шақыртып алатындар болады(Келесі жазбамда ашық мысалдар келтіремін). Ең бастысы, өзің жақсы көріп, сүйген мамандықты таңдау. Бекер айтпайды ғой деп қалдым өзім де:«Адам баласы 2 нәрсе таңдауда шатаспауы тиіс. Бірі — мамандық, екіншісі — жар.» Жар мәселесі әлі алыс шығар, бірақ мамандық мәселесін қатты қолдаймын. Егер сұранысы жоқ мамандықта түсіп қалған болсаң, керсінше грантқа түскенің үшін қуан. Ал, қалаған мамандығыңа кейіннен ауысып алуға болады. Тек тырысудан шаршамасаң болғаны.

5. Кім боларымды білмеймін

Студенттер арасында да ең көп таралған сұрақтардың бірі десем де, қателескен болмаспын, сірә. Өз сүймейтін мамандығына түсіп, әркімнің сөзіне еліктеп, қызығы болмаса да, ақшасына қызығып түскен адамдар қатары аз емес. Ұбт-да түскен уайымдарың, ертең өмірде болатын уайымдардың бастамасы. Мұндай ащы шындықпен көңілдеріңе көлеңке салсам, кешірерсіңдер. Тәтті өтірікпен алдағаннан ештеңе шықпайды. Сол үшін, әрқашан қиындыққа дайын болу — жеңісті адамның ерекшілігі саналады. Ал, сұрағымызға көшсек… Кім болам? Алдымен, өзіңде қандай ерекшіліктер бар, соны бір санап, қағаз бетіне түсір. Терең ойланып барлығын жаз. Басқадан жасырсаң да, өзіңнен жасырушы болма. Ол — ақымақтық саналады. Өзіңе ең жақындарын топтастыр да, соған қарай мамандық таңда. Мамандықты бітіріп, қалай жұмысқа тұрамын деген мәселе сені мазаламасын. Уақыты келгенде барлығын көресің. Маңыздысы, сүйіп жасайтын ісің болса, кемелдігіне жетесің. Шыңына жеткен шеберлердің құр қол қалатындарын ғасырлар көрген емес. Өзің ойлап көрші, алтын жерде жатпайды ғой. Тіпті, балшыққа түссе дағы, адамдар жуып, тазалап, төріне апарып қояды. Бұл саған мысал болсын. 

Ең бастысы — өзіңе деген сенімді жоғалтпа! Ең қиын сәттерде, шешілместей көрінген, тіпті шешілмейтін мәселелердің ішінен аман сау қылып, ап шығатын — сенімің!