Саясат

Нұр-Сұлтанда Жұмабек Тәшеновке ескерткіш орнатылады

Ескерткіш Жұмабек Тәшенов көшесінің бойында орнатылатыны жоспарланған

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Елордада көрнекті мемлекеттік және қоғам қайраткері Жұмабек Тәшеновке ескерткіш орнатылады. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің депутаты Кәрібай Мұсырман мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бұл - Петропавл қаласында тұратын Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматтары Жақсылық Ысқақов, Болат Сағындықов, Зейнолла Олжабаев, Таңат Сүгірбаев, Амангелді Кенжеғозинов, Ахметжан Қуантаев, Жангелді Тәжин және Сағындық Салмұрзин сынды белсенді ағаларымыздың бастамасы. Сол кісілер Президент сайлауы қарсаңында «Nur Otan» партиясынан ұсынылған кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың облыстық қоғамдық қабылдау бөлмесі арқылы Парламент Мәжілісінің депутаты ретінде маған хат жолдап, астанамыз Нұр-Сұлтан қаласында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек Тәшеновке ескерткіш орнатуға көмектесуімді сұраған еді», - дейді Кәрібай Мұсырман.

Оның айтуынша, осы жөнінде Нұр-Сұлтан қаласының бұрынғы әкімі Бақыт Сұлтановқа хат жолданған.

«Халқымыз айрықша ардақ тұтатын тарихи тұлғаның дүниеге келгеніне келесі жылы 105 жыл толатынын ескере отырып, оған астанада лайықты ескерткіш орнату мәселесін қарауын өтінген болатынмын. Бүгін Нұр-Сұлтан әкімінің орынбасары Ерлан Каналимов қол қойған ресми жауапты алып, қуанып отырмын. Қала әкімдігі Жұмабек Тәшеновке ескерткіш орнату үшін жер телімі және қаржы көзі қарастырылып жатқандығын хабарлады. Ескерткіш елордадағы Жұмабек Тәшенов көшесінің бойында орнатылмақ. Ал Петропавл қаласында  қазақ жерінің тұтастығын сақтап қалу үшін басын бәйгеге тіккен қаһарман ерге ескерткіш осыдан бірнеше жыл бұрын орнатылған болатын», - деді мәжілісмен.

Кәрібай Мұсырманның айтуына қарағанда, ескерткіш орнату мәселесі қала деңгейінде шешіліп тұр. 

«Бұл шаруаның саяси маңызы жоғары. Елордада Жұмабек Тәшеновке лайықты ескерткіш орнату керек. Ол - Бауыржан Момышұлы сияқты жастарға рух беретін үлкен тұлғалардың бірі», - дейді Кәрібай Мұсырман.