Саясат

Трамп әкімшілігі ірі операцияға дайындалып жатыр

Заңсыз мигранттар мәселесі

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Дональд Трамп әкімшілігі елден заңсыз мигранттарды депортациялау бойынша ірі операция өткізуге дайындалып жатыр. Америкалық БАҚ-тың жазуынша, АҚШ-тың көші-қон және кеден басқармасы (ICE) демалыс күндері елдің он қаласында рейд жүргізіп, заңсыз мигранттарды анықтайды. Кейінірек оларды депортациялайды.

Басқарма өкілдері барлық сот инстанцияларынан өткен отбасыларды қамау және депортациялау жағы қарастырылатынын айтты. Оларды отбасы орталығы деп аталатын орындарға жіберуі мүмкін. Агенттік олардың жол құжатын әзірлеу үшін түрлі мемлекеттің елшіліктерімен жұмыс істеп жатыр.

Басқарма операция көлемі мен мерзіміне байланысты нақты ақпарат бермей отыр. Көші-қон қызметі басқармасының өкілдері отбасы мүшелерінің бір-бірінен ажырап қалмауына қатты мән беретінін айтты. Мамандардың айтуынша, әдетте мұндай жағдай көбіне ата-анасы АҚШ-қа заңсыз келіп, осында балалары дүниеге келіп, автоматты түрде АҚШ азаматына айналған отбасыларда кездеседі. Көші-қон қызметінің өкілдері депортация, қамау кезінде адам намысын қорлайтындай әрекеттерге жол бермес үшін мамандар арасында арнайы тренингтер өткізіп жатқанын да жеткізді.

Биыл наурызда АҚШ-Мексика шекарасынан заңсыз өтпек болған 92 мың мигрант ұсталған. Былтыр тап осы уақытта ұсталғандар саны 38 мың болған.

ICE дерегінше, 2018 жылы елден 265 мыңнан астам адам депортацияланған. Бұл алдыңғы жылдармен салыстырғанда 13 пайызға артық. Бірақ елдің бұрынғы президенті Барак Обама басқарған тұста бұдан да әлдеқайда көп мигрант еліне қайтарылған. Мысалы, 2012 жылы АҚШ-тан 400 мыңнан астам адам мәжбүрлі түрде еліне жіберілген.

Азаттық радиосы