Саясат
1914 жылы Руссиядағы бар адам 161 миллион 700 мың болатын
Соғыс басталғаннан бері 10 жыл өтті. Сонда қазақтың он жылғы өсімі 979 мың. 17-21 жылдарда алаш жайын сүзек жайлады. 1917 жылы Түркістан, 1921 жылы Қазақстан жұтады. Ашаршылық болды, адамдар аштан өлді. Сонда қазақтың 10 жылғы өсімі өлді десек, осы күні қазақ 6 миллион 470 мың болады. Сүзектен, аштан өлген адам саны 970 мыңға есеп десек, өлікті көбейткен , осы күнгі қазақ санын азайтқан да болады. 6 миллион 470 мыңнан 970 мың адам өлсе, бұ өзге сөзбен айтқанда жүзден астам (жүз адамға шаққанда) он бес (адам өлген) болады. Бұл не? Бұ мынау алаштың жайында (елінде) ашы бар, тоғы бар, ауруы бар, сауы бар,20 үйден 15 адам өлдіге есеп болады.
Қазақ өтірік айтсын, есепші [бұл арада Ә.Бөкейхан ашаршылықтың құрбандарын кемітіп жазған кеңес хатшыларын меңзеп отыр – Т.Ж.], көр соқырша жерді қармап есебін жаза алмасын, (сонда да) осы күнгі Түркістан [мен] Қазақстанның қазағы (мұнда Бұқара мен Хиуа қазағы жоқ) 6 миллион 470 мыңнан кем емес.
Әлихан Бөкейхан
«Еңбекші қазақ» 28.10.1924 ж.