Саясат

ІІМ: Арыстағы жарылысқа байланысты қылмыстық іс қозғалды

Қылмыстық кодекстің 462-бабының 1-бөлігі бойынша екі жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Арыс қаласындағы жарылыстардан кейін қару, басқаларға қауіп тудыратын заттар мен нәрселерді сақтау ережесін бұзу бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ақпаратты ішкі істер министрлігі растады.

"Осы факті бойынша ІІМ-нің оңтүстік өңірлік әскери-тергеу басқармасының Шымкент бөлімі Қылмыстық кодекстің 462-бабының 1-бөлігі (қару, сондай-ақ басқаларға қауіп тудыратын заттар мен нәрселерді сақтау ережесін бұзу)  бойынша қылмыстық іс тіркеді. Барлық жағдай ішкі істер органдарының қадағалауында", - делінген жазбада.

Бұл заңбұзушылық кезінде екі мың айлық есептік көрсеткішке (1 АЕК – 2525 теңге) дейінгі мөлшердегі айыппұл немесе не сол мөлшерде түзеу жұмыстарымен тарту көзделген. Екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы да қолданылуы мүмкін.

Қоғамдық тәртіпті сақтап, эвакуацияланған азаматтардың мүлкін күзету үшін Арыс қаласына полиция қызметкерлері тартылды. Жалпы, жеке құрамның 463 қызметкері мен Ішкі істер министрлігі бөліністерінің 53 техникасы Арыс қаласынан көшірілгендерге көмек көрсетуде.

"Мұның ішінде 193 қызметкер және 23 техника азаматтық қорғау органдарына тиесілі. Сондай-ақ, 270 қызметкер мен 30 техника полиция бөліністерінен тартылды", - деп жазылған ІІМ таратқан баспасөз хабарламасында.

Сондай-ақ, қаладағы қоғамдық тәртіпті қадағалау үшін Ұлттық ұланның әскери бөлімінен 500 жауынгер аттанды.

Министрлік әлеуметтік желілерде Арыс қаласында балалардың жоғалуы туралы ақпаратқа қатысты түсініктеме берді. Қазіргі уақытта бұл ақпарат тексеріліп жатыр. Оқиға орнынан көшірілгендердің орналасқан жерін анықтау шаралары жүргізіліп жатыр.

Ішкі істер министрлігі тұрғындарды үрейге бой алдырмай, ресми ақпараттарға ғана сүйену қажеттігін ескертеді.

Шымкент қаласының төтенше жағдайлар департаментінде "Қауырт желі" ашылған. 8 (7252) 44-94-72 нөмірі бойынша кез келген ақпаратты тәулік бойы алуға болады.

sputniknews.kz