Түркі әлемі
Нұр-Сұлтан қаласында
Биылғы жиын«Түркі өркениеті: түп тамырынан қазіргі заманға дейін» деген тақырыпқа арналып отыр. Форумда Қазақстандық ғалымдармен қоса Еуропа, Азия және Америка құрлығының 21 елінен 250 – ге жуық танымал ғалымдар мен белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері бас қосты.
Халықаралық жиынға сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев, ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Моңғолияның тұңғыш Президенті Пунсалмаагийн Очирбат,Әзербайжан Республикасының тұңғыш Премьер-министрі Гасан Гасанов, Қырғыз Республикасы Президентінің кеңесшісі Султан Раев, және Қырғызстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің тұңғыш төрағасы Медеткан Шеримкулов қатысты.
Халықаралық жиынның салтанатты ашылу рәсімінде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хаты оқылды. Хатта Ұлы дала Еуразияны емен жайлаған халықтардың тарихи шежіресінің куәсі екені және бұл кеңістіктің шығыс пен батыс өркениетін біріктіріп жатқаны айтыла келе, жаңа идеялар мен тың тұжырымдардың пайда болып, әрдайым жаңарып тұруы Ұлы даладағы жаһандану үрдісіне оң ықпал етті делінген.
Форумның ашылу салтанатында Моңғолияның тұңғыш Президенті Пунсалмаагийн Очирбатқа, Әзербайжан Республикасының тұңғыш Премьер-министрі Гасан Гасановқа, Қырғыз Республикасы Жоғарғы Кеңесінің тұңғыш төрағасы Медеткан Шеримкуловқа, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Дүниежүзі татарлар конгрессі Атқару комитетінің Этнологиялық мониторинг орталығының басшысы Дамир Исхаковқа, ҚР ҰҒА академигі, антрополог, Оразақ Смағұлға Халықаралық Түркі академиясының алтын медальдары табыс етілді.
Форум«Түркі мемлекеттігінің қалыптасу мен даму тарихы», «Ұлы дала өркениеті және әлемдік мәдениетке қосқан үлесі», «Түркі әлемінің әдебиеті мен фольклортануындағы өзекті мәселелер», «Түркі әлемінің этномәдени ерекшеліктері», «Қазіргі түркітану: жаңа көзқарастар мен тәсілдер»және«Еуразиядағы интеграциялық үрдістер: кеңістік пен уақыттың көкжиектері»деген 6 тақырыптық секцияға бөлінген.
Халықаралық жиынның басты міндеті - шет елдік және отандық түрколог ғалымдар арасында әлемдік түркітану ғылымының қазіргі жағдайына, жетістіктеріне, проблемалары мен даму келешегіне талдау жасау, Ұлы даланың мәдени құндылықтарының адамзат өркениетінің дамуындағы рөлі мен маңызын талқылау. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы Даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласы негізінде тұжырымдалған стратегиялық мақсаттар шеңберінде түркі әлемі мәдени құндылықтарының жалпы адамзаттық маңызы мен рөліне талдау жүргізіп, талқылау форумның алдына қойған басты мақсаты.
Халықаралық басқосу әлемдік танымал мамандар арасындағы ғылыми байланыстарды нығайту, пікір алмасу, жаһандық және өңірлік деңгейдегі өзекті мәселелерді шешу бойынша кеңестер ұсынатын алаң қызметін атқармақ.
Форум жұмысының қорытындысы бойынша мынадай нақты нәтижелер күтілуде:
· Қазақстан және түркі тілдес мемлекеттердің қоғамдық санасын жаңғыртудың өзекті бағыттары бойынша зерттеу форматтарын нақты белгілеу;
· Қазіргі Түрк әлеміне қатысты жаңа зерттеулердің дамуына әсер ететін ағымдарды зерделеу, сондай-ақ түркология және әлеуметтік ғылымдардың басқа пәндерін қамтитын объективті көзқарастарды анықтау;
· өзара түсіністік пен конструктивті ынтымақтастықты нығайтуда ғылымның интеграциялық әлеуетін қабылдау негізінде тиісті қорытынды қарар қабылдау.