Саясат

Арыстағы әскери қызметкердің өлімі: Қорғаныс министрлігі мән-жайды түсіндірді

Мұрат Бектанов Арыста қаза болған әскери қызметкер туралы айтты

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары Мұрат Бектанов Арыста қаза тапқан әскери қызметкер туралы айтты.

"Жарылыс басталғанда біздің әскери қызметкерлеріміз өрт сөндіруді жалғастыра берген. Олар танктердің көмегімен №2 және №3 техникалық аймақтағы өртті өз күшімен сөндіріп үлгерді. Ал қаза тапқан жігіт бірнеше жыл әскери қызмет атқарды. Ол өрт сөндіру кезінде қаза тапқан сияқты. Қазір біз осы жағдайды жан-жақты анықтап жатырмыз. Әскери қызметкер келісімшартпен жұмыс істеген", - деді Бектанов журналистерге берген сұхбатында.

Арыс қаласына кешеден бері шамамен 500 сапер тартылды. Бұдан бөлек, арнайы техника бар. Алдымен Арыс қаласына жақын маңдағы әскери оқ-дәрілерді шығару міндеті қойылды.

"Бүгіннен бастап тағы 1800 адам жіберіліп отыр. Олар снарядтар ұшқан жерлерді зерделейді. Сондай-ақ, төтенше жағдайдың салдарын жою жұмыстарына атсалысады. Әскери полиция да патрульге шығып жүр", - деді Бектанов.

Оның айтуынша, әскери қоймада сан алуан снаряд сақталған. Соның ішінде артиллериялық оқ-дәрілер де бар. Әуе қорғанысына арналған снарядтар болмаған. Бүгінде әскери қойманы басқа жерге көшіру жайлы шешім қабылданып отыр.

"Әскери қоймалар қалаға жақын жерде орналасқан. 200 метрге дейінгі аралықта да бар. Негізі, ереже бойынша әскери қоймалар үш шақырым шалғай жерде орналасуы қажет. Біз бірнеше рет ол аралықты 10 шақырымқа жеткізуге қатысты ұсыныс жасадық. Бірақ ол үшін адамдарды басқа жерге көшіру керек. Теміржол желісі де өтеді. Оны да ауыстыру қажет. Осыған байланысты әскери қойманы басқа жерге көшіру туралы шешім қабылданды", - деп атап көрсетті Бектанов.

Ішкі істер вице-министрі Юрий Ильин Арыстағы жарылыс кезінде снарядтардың көліктер мен үйлерге қалай түскенін айтып берді.

"Негізі, ондай жарылыстар кезінде әскери снаряд жарылмаса да, бірнеше шақырым жерге ұша алады. Арыста қаза тапқан адам шамамен бір шақырым шалғай жерде жүрген. Мен өзім оқиға орнында болған жоқпын. Оны сарапшылар анықтайды. Бірақ ол адамның қатты жарақаттан көз жұмғаны белгілі. Ал әскери адам қоймалардың жанында болды", - деді Ильин журналистерге берген сұхбатында.

Оның айтуынша, әскери қызметкер жарылған снарядтың жарықшағынан қаза тапқан. Ал екінші адамның қалай қаза тапқаны әзірге белгісіз. Себебі әскери қоймадан ұшқан снарядтар жарылмауы да мүмкін.

"Негізі, өрт болғанда снарядтар сол жерде жарылады немесе тұтанғаннан кейін ұшып кетеді. Мәселен, жәшікте жатқан бір снаряд жарылса, оның жанында жатқан оқ-дәрілер жан-жаққа ұшады. Біреуі жарылады, енді біреуі жарылмауы да мүмкін", - дейді Ильин.

Ресми мәліметке сәйкес, кешеден бері Арыс қаласында 19 үй мен 9 шаруашылық нысан өртенді. Ильиннің сөзіне қарағанда, бұған снарядтардың жарылуы себеп болған.

"Қазіргі кезде ең қатты жарылыстар артта қалды деуге болады. Қауіптің беті қайта бастады", - деді Ильин.

Арыстағы жарылыс

24 маусым күні сағат 9.30 кезінде Түркістан облысының Арыс қаласындағы әскери бөлім аумағында өрт шығып, оқ-дәрілер жарылды. Әскери бөлімдегі жарылыстан кейін Түркістан облысында төтенше жағдай жарияланды.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Арыс қаласына барып, жарылыстан қираған тұрғын үйлер мен әкімшілік нысандарды аралады.

Төтенше оқиға салдарынан екі адам қаза тапты. Қару, басқаларға қауіп тудыратын заттар мен нәрселерді сақтау ережесін бұзу бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ішкі істер органдары жағдайды өз бақылауына алды.

sputniknews.kz