Саясат
Әскери қоймада артиллериялық, реактивті снарядтар және гранатометтің оқ-дәрілері болған
"Қазіргі кезде снарядтардың ұшқаны және түскен жерінде жарылғаны туралы ақпарат көп тарап жатыр. Негізі, бұл жерде маңызды бір мәселені ескеру керек. Ол әскери қоймада артиллериялық, реактивті снарядтар және гранатометтің оқ-дәрілері болған. Мәселен, артиллериялық және гранатомет оқ-дәрілер 200 метр радиуста шашыраған, яғни, әскери бөлімнің аймағынан аспады", - деді Дандыбаев арнайы баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, реактивті снарядтар 20 шақырымға дейін ұшты. Дәл осы оқ-дәрілер елді мекеннің аймағына түскен. Бірақ детонация болған жоқ.
"Аталған снарядтар "болванка" сияқты жан-жаққа шашырады. Әрине, ондай снаряд біреудің басына түссе, бірден мерт қылады. Бір адам дәл солай қаза тапты. Бірақ ол снарядтар жарылған жоқ. Қазіргі кезде саперлер бәрін жинап жүр", - деп атап көрсетті Дандыбаев.
Вице-министрдің сөзіне қарағанда, бұған дейін Арыстағы әскери қоймадан 184 тонна оқ-дәрілер басқа жерге көшірілген.
"Менде қазір нақты мәлімет жоқ. Бірақ шамамен 90 тоннаға жуық оқ-дәрі қалған. Негізі, бүгінде өрттің барлық ошақғы анықталды. Бір-екі күнде теміржол желісі ашылады деген жоспарымыз бар. Бірақ қала халқы өз үйлеріне қашан қайта алатынын нақты айта алмаймын. Себебі шашыраған снарядтардың бәрін жинап шығу керек", - деді Дандыбаев.
Арыстағы жарылыс
Қазақстандықтарды дүрліктірген жарылыс 24 маусым күні таңертең болды. Түркістан облысы Арыс қаласындғы әскери бөлім аумағында өрт шығып, оқ-дәрілер жарылған.
Сол күні Түркістан облысында төтенше жағдай жарияланды. Қауіпсіздік мақсатында қала тұрғындары жақын маңдағы елді мекендерге көшірілді.
Соңғы мәліметтер бойынша төтенше оқиға салдарынан қаза тапқандардың саны үшке жетті. Бүгін ауруханада тағы бір әскери қызметкер көз жұмды. Медициналық мекемелерде тағы 2 әскери қызметкер ауыр халде жатыр. Бұдан бөлек, 9 әскери адам сан алуан жарақат алған.
Жарылыстан кейін қару, басқаларға қауіп тудыратын заттар мен нәрселерді сақтау ережесін бұзу бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.