Саясат

Наразы жұрт әкімдікке бет алды

Мәселе

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Маусымның 27-і күні таңертең Шымкентте "Ақмешіт" алдындағы көшені жапқан наразы тұрғындар түстен кейін әкімдікке қарай бет алды. Әскери қоймадағы жарылыстан кейін бірнеше күннен бері мешітті уақытша паналап отырған адамдар жергілікті биліктен өздерін Арыстан басқа жаққа көшіруді талап етті.

Маусымның 27-і күні таңертең стихиялы түрде басталған наразылық шарасы түстен кейін қаланың орталық бөлігіне ауысты. Түскі 14.00 шамасында наразылар полиция шебін бұзып, қала орталығындағы әкімдік жаққа қарай бет алды.

Басым бөлігі Арыс тұрғындарынан құралған наразы топтың басты талабы - әскери қоймадағы жарылыстан кейін ішінара бүлінген Арыс қаласынан өздерін басқа жаққа көшіру. Екі сағат бұрын мешіт ішінде тұрғындардың талабын тыңдаған Түркістан облысының әкімі "үйлеріңді жөндеп береміз, қалғаны өз еріктеріңде, Арыстан кеткісі келгендер үйлерін сатып кетсе болады" деп айтқан еді. Тұрғындар биліктің жауабына қанағаттанбай отыр.

Тұрғындардың бірі Азаттық тілшісіне "билік мешіттен шықпай қойды, бізді қайта-қайта құран оқып, басып тастап жатыр. Енді біз әкімдікке барып, талабымызды айтамыз" деді.

- Билік Арыстағы үйлеріңді жөндеп береміз, одан кейін қайда барсаңдар, өздерің біліңдер деп отыр. Талабымызды естіген жоқ, - деді наразы азаматтардың бірі.

Арыстықтармен бірге Темірлан көшесінің бойымен полиция қызметкерлері де жылжып барады.

Таңертеңгі сағат 11 шамасында Шымкенттегі "Ақмешіт" мешіті мен "Бекжан" базары алдындағы көшені Арыс тұрғындары жапқан еді. Дүйсенбі күні әскери қоймадағы жарылыстан кейін үй-жайын тастап, Арыстан кетуге мәжбүр болған адамдар Шымкентте "Ақмешіт" мешітін уақытша паналап жатқан болатын.

Өздеріне Түркістан облысы әкімі Өмірзақ Шөкеевтің келуін талап еткен жұрт "Арыс!", "Жер беріңдер!", "Үй беріңдер!" деп айғайлады. Шымкент қалалық әкімдігі шенеунігі наразыларды мешітке баруға шақырғанымен, жиналған жұрт оған бағынудан бас тартты.

Адамдар жиналған жерде қалалық полиция қызметкерлері мен шенеуніктер жүр. Арада жарты сағаттан астам уақыт өткенде наразылар жиналған жерге келген Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов жұртты көше жолын босатып, мешітке кіріп сөйлесуге шақырды. Жиналғандардың бір бөлігі оның сөзіне құлақ асып, әкіммен бірге мешітке кірді, тағы бір бөлігі көшеде қалды.

Мешіт ішінде әкім Ғабидолла Әбдірахымов жұртты "қызбалыққа салынбай, сабыр сақтауға" шақырды. "130 мың адам баспана кезегінде тұрған Шымкенттен сіздерге үй беруге мүмкіндік жоқ" деді әкім.

Әкім сөзіне наразы болған тұрғындар "облыс әкімі Шөкеев қайда?" деп Түркістан облысы әкімінің келуін талап етті. Мешіт іші айғай-шуға ұласқан соң имамдардың бірі құран сүрелерін оқи бастады. Тек осыдан соң наразы тұрғындар тізе бүгіп, тынышталғандай болды. Бірақ уағыз-насихат аяқталған соң айғай-шу қайта жалғасқан.

Оқиға орнында болған Азаттық тілшісінің айтуынша, наразылардың біраз бөлігі мешіт сыртында қалған. Есімін Дәурен Әбілдаев деп өзін таныстырған азамат 26 маусымда Арыс қаласына барып көргенін, қалада қазір тұру мүмкін емес екенін айтты.

- Ауасы өте лас. Барсаң, бірден тамағың ауырады. Ол жақта тұру мүмкін емес. Өлген малдар бар. Үйлері жарамсыз, - деді ол Азаттық тілшісіне.

Бұл ақпаратты өзге де Арыс тұрғындары қостады. Жылап-сықтаған тұрғындар "жарылыстан бері тыныш ұйықтай алмай жүргенін", Арыста ендігәрі қала алмайтындықтарын жеткізді.

Шамамен екі сағатқа жуық уақыт өткеннен кейін оқиға орнына Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев келді. Тұрғындардың бір бөлігімен мешіт ішінде кездескен әкім Арыс тұрғындарының ешқайсысы көмексіз қалмайтынын айтып, халықты тыныштандыруға тырысты.

Әуел баста микрофон жоқ болғандықтан көпшілікке әкімнің не дегені, тұрғындардың не айтқаны естілмеді. Шамамен 20 минуттан соң ортаға микрофонды әкелді. Бірақ сонда да билік пен тұрғындар арасындағы диалог "тиісті дәрежеде" болған жоқ. Кейбір тұрғындар сыртта да наразылар көп екенін айтып, әкімді ғимарат сыртына шығуға шақырды. Бірақ әкім бұл ұсынысқа жауап бермеді. Кездесудің арты дау-дамайға ұласып бара жатқан соң мешіт ішінде азан шақырыла бастады.

Оқиғаны полиция қызметкерлері бақылап тұрды.

Маусымның 24-і күні таңертең Арыстағы әскери оқ-дәрі қоймасында алдымен өрт шығып, кейін жарылыстар болған. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, жарылыстан үш адам мерт болып, 160-тан астам адам зардап шеккен.

Қазақстан үкіметінің хабарлауынша, жарылыс болған күні 39 мың адам өз күшімен қаланы тастап шыққан, 3500 адам Түркістан облысы әкімдігі ұсынған автобустармен Шымкентке жеткен. Түркістан облысы әкімдігінің мәлімдеуінше, қазір Шымкентте қырыққа жуық, облыстың басқа аудандарында жиырмадай эвакуациялық пункт жұмыс істеп жатыр. Түркістан облысы әкімдігі 24 маусымда аймақта төтенше жағдай жариялады.

Шымкентке жеткізіліп, пунктерді паналап жатқан Арыс тұрғындары "билік ұсынып жатқан көмек мардымсыз" деп шағынды. Олар көбінесе билік емес, еріктілер мен халық көмектесіп жатқанын айтады. Шымкент әкімі Ғабидолла Әбдірахымов 26 маусымда өткен баспасөз мәслихатында Арыс тұрғындарының "биліктен мардымды көмек болмай жатыр" деген сөзін жоққа шығарды.Әкімнің сөзінше, қаладағы барлық пункте Арыс қаласынан келгендерге қолдан келгенше тиісті көмек көрсетіліп жатыр.

Азаттық радиосы 


Мемлекеттік сатып алу бойынша

8 705 324 11 61