«Ақ жол» демократиялық партиясы 2019 жылғы «ХХI ғасырдағы
Алаштың Ақ жолы» Жалпыұлттық Байқауын жариялайды.
Байқаудың басты мақсаты – Алаш қозғалысының саяси тәжірибесін,
экономикалық ұстанымын және рухани мұрасын қазіргі Қазақстан қоғамын жаңғырту
контексінде зерделеу мен насихаттау.
Байқауға Алаш қозғалысы тақырыбында зерттеулермен айналысып жүрген 18-35 жас
аралығындағы Қазақстан және шетел азаматтары өздерінің жұмыстарымен (алғашқы үш
номинация – авторлық мақала немесе эссе, төртінші номинация – БАҚ өнімі) қатыса
алады.
Байқау жұмыстары қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде қабылданады.
Байқау келесі төрт номинация бойынша өткізіледі:
1. Алаш қайраткерлерінің мемлекеттілік туралы идеяларының қазіргі Қазақстан
қоғамы үшін өзектілігі мен маңыздылығы:
- Алаш және парламентаризм;
- Алаш және дипломатия;
- Алаш және саяси партиялар;
- Алаш және мемлекетті басқару формасы;
- Алаш және демократиялық құндылықтар,
- Алаш және құқықтық сана, т.б.
2. Алаш ұстанымы және бүгінгі ұлттық экономика мен әлеуметтік саланы жетілдіру
мәселелері:
- Алаш қайраткерлерінің көшпелі және отырықшы шаруашылық туралы пікірталастары;
- Қазақстанның шикізат қоры және өнеркәсіпті дамыту;
- Алаш және еңбек қоғамын қалыптасыру;
- Алаш және нарық;
- Алаш және салық мәселесі, т.б.
3. Ұлы Дала жетістіктерін зерделеудегі Алаштың рухани мұрасының орны:
- Алаш қайраткерлерінің түркі әлемінің генезисі туралы зерттеулері;
- Алаш қаламгерлері шығармашылындағы «Алтай», «Түркістан», т.б. киелі
ұғымдардың бейнесі;
- Алаш және мәдени код;
- Алаш идеялары және ұлттық бренд, т.б.
БАҚ журналистері үшін арнайы номинация
4. Бүгінгі заман контексіндегі Алаш:
- Публицистік мақалалар;
- Деректі фильмдер;
- Хабарлар;
- Репортаждар;
- Журналистік зерттеулер;
- Сұхбаттар;
- Ток-шоу шығарылымы.
Байқау үш кезеңнен тұрады:
1-кезеңде Байқауға келіп түскен жұмыстарға қазылар алқасы сараптама жасап,
іріктеуден өткізеді. Әр номинация бойынша үздік 10 (барлығы – 40) жұмыс екінші
кезеңге жіберіледі.
2-кезеңде үздік 40 жұмыстың авторлары тақырыбы бойынша баяндама жасап, өз
номинациясындағы қарсылас үміткерлермен пікірталасқа түседі. Сұрақ-жауап және
талқылау түрінде болатын бұл кезең «Ақ жол» ҚДП белгілеген қалада өткізіліп, әр
номинциядан үздік үш (барлығы 12) қатысушы ақтық сынға жолдама алады.
3-кезең Алашорда үкіметінің құрылған күні қарсаңында, желтоқсан айында
Нұр-Сұлтан қаласында өткізіледі. Байқаудың ақтық сынына қатысушылар өз
жұмыстарын қорғап, қазылар алқасының шешімімен жеңімпаздар мен жүлдегерлер
анықталады.
Байқау шарттары:
1. Жұмыс бір адамның (жеке үміткердің) атынан және өзі көрсеткен номинация
бойынша ұсынылады;
2. Жұмыста Алаш қайраткерлері көзқарастарының бүгінгі дәуірмен сабақтастығы
міндетті түрде қамтылуы тиіс;
3. Плагиатқа (басқа авторлардың дайын жұмыстарын көшіріп ұсынуға) жол
берілмейді;
4. Шығарма бастақырыбының оның мазмұнына сәйкес келгені және тапқыр да жинақы
қойылғаны мақұлданады;
5. Жұмыста сілтеме жасалған дереккөздер дәл, нақты және шынайы болуы қажет;
6. Талапқа сай безендірілмеген және мерзімінен кеш жолданған жұмыстар
қабылданбайды.
7. Осыған дейінгі жеңімпаздар Байқауға қатыса алмайды.
Мақаланы (эссені) рәсімдеу талаптары (алғашқы үш номинация үшін):
Мәтін 14 өлшемді Times New Roman қарпімен теріледі; жоларалық интервал – 1;
абзац шегінісі – 1,25 см; беттің оң жағынан – 3 см, үстіңгі және астыңғы
жағынан – 2 см, сол жағынан 1,5 см кеңістік қалдырылады.
Байқауға қатысу туралы өтініште жұмыс авторының толық аты-жөні, туған жылы,
тұрғылықты мекен-жайы, қызмет (оқу) орны, ғылыми дәрежесі (бар болса), ұялы
байланыс телефоны мен электронды поштасы толық көрсетіледі.
Мақаланың (эссенің) көлемі 10 беттен аспауы тиіс.
Байқауға ұсынылатын жұмыстар 2019 жылдың 1 қазанына дейін қабылданады.
Байқаудың жүлде қоры – 4 миллион теңге. Ол келесі тәртіп бойынша бөлінеді:
2-кезеңге жолдама алған үміткерлердің әрқайсысына (ақтық сынға өтетін 12
қатысушыдан басқасына) 25 мың теңгеден қаржылай сыйлық беріледі.
Ақтық сайыс қорытындысы бойынша номинацияның жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне
берілетін қаржылай сыйлық көлемі:
Бірінші орын – 300 000 (үш жүз мың) теңге;
Екінші орын – 200 000 (екі жүз мың) теңге;
Үшінші орын – 100 000 (жүз мың) теңге.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге Жалпыұлттық «Алаштың Ақ жолы байқауының лауреаты»
төсбелгісі табысталады.
Байқау жеңімпаздары (1-орын) мен жүлдегерлерінің (2,3-орындар) мақалалары жеке
жинақ түрінде жарық көреді.
Байқаудың 2 және 3-кезеңдеріне қатысушылардың іссапар және жатын орын шығындары
«Ақ жол» ҚДП тарапынан төленеді.
Байқау жұмыстары «ХХІ ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» белгісімен «Ақ
жол» Қазақстанның демократиялық партиясы Орталық аппаратының мекен-жайына
(Астана қаласы, Мәңгілік ел, 30, «Ақ жол» ҚДП кеңсесіне) немесе
alash_akzhol@mail.ru,
akzholpress@mail.ru электрондық поштасына жолданады.
Сондай-ақ, Маңғыстау облысынан қатысатын қатысушылар «Ақ жол»
ҚДП Маңғыстау облыстық филиалы мекен-жайына (Ақтау қаласы, 15 ш/а, 70 үй, 6
офис, «Ақ жол» ҚДП МОФ кеңсесіне) немесе akzholmangystau@mail.ru электрондық
поштасына жолдауға болады.
Байланыс телефон: 8 702 725 16 01