Саясат
Шөкеев біреулердің Арыстағы жағдайды пайдаланып, арандатушылық жасап жатқанын айтты
"Ел президенті бұл базаны осы жерден көшіруге нақты команда берді. Бұл тапсырма толығымен орындалады. Арыста ондай жағдай ешқашан қайталанбайды", - деді Шөкеев арнайы баспасөз мәслихатында.
Айта кеткен жөн, облыс басшысы төтенше жағдайға қатысты брифингтің соңғы рет өткізіліп отырғанын жеткізіп, Арыс тұрғындарына өз үндеуін де жеткізді.
"Құрметті арыстықтар, бұл өте үлкен апаттық жағдай болды. Біздің тарихымызда бұрын-сонды болмаған апаттық жағдай. Бір қаланы – 45 мың халықты эвакуациялауға мәжбүр болдық. Халық өте үлкен шыдамдылық, ұйымшылдық танытты. Бәрі бір кісідей қиын жағдайдан шығудың үлгісін көрсетіп жатыр. Мен өзім халыққа үлкен рақметімді айтамын", - деді Шөкеев.
Әкім бүкіл ұйым мен кәсіпкердің жабылып, көмек көрсетіп жатқанына да тоқталды. Осылайша, барлығы сын сағатта елдігін және бірлігін көрсете білді.
"Кейбір азаматтар осыны пайдаланып, провокация жасағысы келеді. Оған жол бермеу керек. Жаңағыдай неше түрлі қисынсыз талаптар қояды. Арандатушылар "біз Арысқа бармаймыз, бізге басқа жерден үй салып беріңіз" дейді. Бұл – қисынсыз талап. Оған ешкім ешқашан бармайды", - деп атап көрсетті Шөкеев
Арыстағы жарылыстар
24 маусым күні таңертең Түркістан облысы Арыс қаласындағы әскери бөлімде өрт шығып, қоймада сақталған оқ-дәрілер жарылды. Төтенше оқиға салдарынан үш адам көз жұмып, 160-тан астамы дәрігерлердің көмегіне жүгінген.
Жарылыстан соң Түркістан облысында төтенше жағдай жарияланды. Қауіпсіздік мақсатында тұрғындар Арыстан түгелдей көшірілді.