Саясат
Бақыттың кілті - еңбекте
Павлодар облысының Қазақстан халқы Ассамблеясының XV сессиясында сөйлеген «Жас Екібас» жобасының авторы Виктория Камалетдинова өзін бақытты сезінетінін айтты.
- Кез келген зайырлы мемлекеттің әлеуметтік және экономикалық дамуы халық бірлігі мен келісімінсіз мүмкін емес, - дейді Виктория Камалетдинова. - Қазекемнің «Бақыттың кілті - еңбекте» деген тамаша сөзі бар. Мен өзімді өте бақытты адаммын деп санаймын. Себебі - ұлтым орыс болуына қарамастан, маған қазақ тілінің саласында қызмет ету, оны дәріптеу һәм насихаттау сәті түсті. Өмірімді мемлекеттік тілге арнадым. Екібастұзда 20 жылдай бойы тіл саласында еңбек етіп келе жатқан лингвист солтүстік, оның ішінде Павлодар облысына қатысты қалыптасқан стереотиптерге қарсы. - Байқағаным, өзге өңірлерде тұратын отандастарымызда «Павлодар мен Екібастұз орыстанған» деген бұрыс пікір қалыптасқан, - деп ағынан жарылды Виктория Камалетдинова. - Мен оларға «тәуелсіздік жылдарында өзге ұлт өкілдері, керісінше қазақтанып кеткен жоқ па» деп әзілдеймін. Осы стереотип намысыма тиіп, сөзді қойып нақты іске көштім.
Виктория Камалетдинованың айтуынша, халықты қазақ тіліне баулу үшін грамматиканы үйретуден гөрі, ауызекі тілде сөйлете бастау керек. - Грамматиканы қанша үйретсең де, халық қазақша сөйлеп кетпейтінін анық аңғарғаннан кейін коммуникативтік, ситуативтік әдісті қолданамын. Жастар жылы аясында қарапайым мамандық иелерін насихаттау жөніндегі «Жас Екібас» жобасын жүргізуді бастадым. Оған Екібастұз әкімдігінің қолдау көрсеткені үшін алғыс білдіремін.
Виктория Камалетдинованың еңбегін жоғары бағалаған облыс әкімі Болат Бақауов Павлодар және Екібастұз қалаларының «Достық үйлері» негізінде «Ситуативтік қазақ тілі» жобасын әзірлейтін авторлық ұжымға енуге шақырды.