Редактор бағаны

«Интим» картинасының жыртылған бетінде шындық қалған...

Жазатын кезде жазбай, айтатын кезде айтпай қалатынымыз бар

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Атырауда орын алған жағдай әлеуметтік желіден бұрын WhatsApp месенджерінде қызу талқыланып, группаларда видеолар өріп жүр. БАҚ таратып жатқан ақпараттың дені дерлік «Қазақ қызы үшін өре түрегелген қазақтың намысты жігіттері екен»... Бұл картинаның шашырап кеткен сиясындағы қара дақтар ғана. Мәселе қайда жатыр?

Қазақ қызына қырық үйден тәрбие берген. Жә, бұл сөз актуалдығын жоғалтып, қазір еуроцентрлік идеологияға ұрынған біздің қоғамда қызды аңдып жүрген ешкім жоқ. Ауылдан қалаға барған қыздың, үйінен қырық қадым аттап кеткеннен кейін оның тәрбиесі ендігі өзінің қолында. Атыраудағы «Сohsolited Contracting Endihering and Prourement S.A.L Offshore (CСЕР)» компанясында орын алған жағдайдың артында құқықтық, анығы ұлт мүддесі жатыр.

Елімізде шетелдік мұнай компанияларын айтпаған күннің өзінде қарапайым кафелердің де иесі түрік не қытай. Олардың асханасында жұмыс істейін, қалдығын тазалап, даяшысы болатын қазақтың қыздары мен жігіттері.

Жетекші компанияларда аз жалақымен берген орынға жатып, отбасын асырап жүргендер де қазақтың жігіттері.

Атыраудағы оқиғаға байланысты WhatsApp желісіне келген аудио бойынша ақпарат толықтырғымыз келіп еді, сұқбат беруден, пікір білдіруден бас тартқан жігіттің айтып отырғаны мынау:

«Бұл компанияда қазақтар бөлек тамақ ішіп, бөлек жерде демалады. Жағдайдың бәрін арабтарға жасап берген. Ал желіде тараған фото мен видео тек осыған сылтау болған. Осыған дейін жиналған ашуды оятып жіберуге негіз болған анайы фото», дейді.

Сұқбат беруден бас тартуына «жұмыстан шығып кетемін» деген жауабы жеткілікті болды.

Бұл әлеуметтік желі арқылы тарап жатқан видео негізгі мәселені тұншықтырып, тек осы бір қыздың және арабтың арасындағы интимдік әдіс арқылы ұмыттыру ғана. Әйтпесе, отбасын асыраймын деп алысқа жол алған қазақ еркегі үшін, ешқандай зорлық көрмеген, өзінің қалауы, өзінің нәпсісі үшін осы әрекетке барып отырған қазақ қызының қылығы үшін үре түргеле беретін ол қандай намыс? Намыс оянса, өз жерінде өгейсіп кеткендіктен оянды. Ақыры бөлек тамақтану ғана емес, жағдайы жақсы шетелдік азаматтардың қыздарымызға да ауыз сала бастағаны осы болған оқиғаның нүктесі еді.

Қарапайым халықтың ойын екіге жарып, бірі қазақ қызын сынап жамандап жатса, бірі арабты ұрған жігіттердің арқасынан қаққандай сөз жазып, мадақтап, айтақтап отыр. Бұл мәселенің соңы қалай болатыны белгілі: қылмыстық іс қозғалып, жауапқа тартылады. Тек обалы сол қазақтың жігіттеріне тиеді.

Елдегі БАҚ бұл мәселеге басқаша көзқараста қарап, халыққа басқа ақпарат берген кезде жаппай толқудың бояуы өзгерер еді. Олай болған жоқ, рейтинг пен халықты бір шулатып алу үшін жаппай интимді мәселені ортаға салып, соны желеу қылып отыр. Осыдан кейін көп нәрсе түсінікті болады.

Қоғамда белсенді түрде азаматтық ойын жазып жүрген Мәди Манатбектің инстаграм парақшасында жазған мына ойына назар аударыңыз:

«Мәселе тек сол қызда емес. Бұл қазақ жігіттерінің ашуының, шыдамның шегі еді. Айтар болсақ, шетелдік компаниялардағы еңбек қатынастары, кадрлық саясаттың реттелмегеніне 30 жыл болды. Шетелдіктер ешқандай жазалаудың, заңның жоқ екенін көріп алған. Содан ойларына келгенін істейді... Айналып келгенде осының бәріне жауаптың биліктің өзі. Бірдей жалақы қойса (президент Тоқаев солай уәде берген), көрінген жұмыстың бәріне шетелдіктерді әкеле бермесе, жағдай ушықпас еді».

Шындығында негізгі мәселе осы болатын. Билік халықпен тікелей диалогқа түспес бұрын, бұл ұлттың ұлттық деңгейдегі мемлекет екенін түсіну керек және соған қарай ұлттық идеология жүргізуі керек. Онсыз да жемқорлық жайлаған елдегі мәселенің қалай шешіліп жатқанын, салдарының неге апарып соғып отырғанын көріп отырмыз.

Айналып келген кезде, осы оқиғадан кейін әлеуметтік желіде өзге ұлт өкілдерімен тұрмыс құрған қазақ қыздарының суреттері тарап кетті. Түрлі парақшаларда ауыр сөздер айтылып, зайырлы қоғамда агрессивті пікірлер алдыға шығып кетті. Түбі жақсылыққа апаратын жағдай емес.

Қазақты қазаққа айдап салып отырған қоғам үшін қырық пышақ болған халықтың неге өз қызын жамандап, өз ұлын арандатуы керек? Бұл кімге керек?

Бұл ішкі жүйенің мәселесі деп қарастырсақ, айтамыз, басыламыз. Ал әлем алдындағы абырой ше? Желі біткенде жаппай тараған видео мен суретті әлемдік БАҚ басады, жазады. Кім ұтты? Кім ұтылды? Өзіңіз сараптай беріңіз, құрметті оқырман.

Ыстығы әлі де болсын басылмаған Арыстағы оқиғадан кейін бұл оттың тұтануы бекер емес. Соңғы кездері елдегі тұрақтылық сөз жүзінде ғана болмаса, шынайы тұрғысынан шытынап кетті.

Дала заңына бағынып, ұлттық тәрбиені бойына сіңіріп келе жатқан қазақтың, азғын қоғамға қарай бет алуы әлеуметтік мәселенің шешімін таппауы. Онсыз да қазір ақпараттық соғыс кезі. Кез келген ақпараттың астында идеология жатыр. Әлеуметтік теңсіздік пен жағдайы нашарларға мемлекетке билігін де, өзінің заңын да жүргізгісі келетіндер көп. Бұл туралы жазудың да қажеті жоқ, ғасырлар бойғы келе жатқан тарих парақтары куә.

ХХІ ғасырда өмір сүреміз. Біреуді сабау, ұру, бопсалау мен әділеттіліктің белінен басып тұрып әрекет жасау – заңы әлсіз қоғамда ғана орын алады. Заң бәріне бірдей және қатаң болған кезде ғана әркім өз орнын білетін еді.

Атырауда болған жағдай ертең қыз бен жігіттің кешірім сұрауы, жауапқа тартылуы, ұрғандардың қылмыстық жазаға тартылуымен ұмытылады. Бітті. Ал ол жердегі жағдай, адам теңсіздігі мен құқықтың тапталуы секілді негізгі саяси мәселе жабулы қазан күйінде қалады. Ол қайта отында қайнап, сыртына тасығанша қанша жігіт сотталып, қанша қыз осы ойынның обалына қаларына кім кепіл бере алады...