Саясат
Әпке мен қарындасқа тек ұрғашы ретінде қарауды қою керек
Атыраудағы кейбір арабтардың әрекеті - зинаның /некесіз қатынастың/ зардабы. Себебі мұсылмандықта артық қатынас азапсыз қалмайды. Аллаһ мейірім етсе, жазасын осы дүниеде ал Қаһарлы екенін шынайы байқатқысы келсе, Ахиретте азаптайды. Әр әрекет бір Аллаһтың қалауымен болады. Артық кетіп, әділетсіздікпен әрекет еткендер де жазасыз қалмайды.
Болған жағдайға себеп кейбір араптардың аруларымызбен артық қатынасқа баруы болса, дәл сол жағдайды кейбір қазақ "еркектері" /ұрғашы емес/ жасап жүрген жоқ па? Ондайларды "азамат", "еркек" деп айтуға да ауыз бармайды екен. Оқиғадағы арабтың орнына өзімізді қойып көрейікші, қажетін айтқан қарындасты жағдайы мен мансабын пайдаланып астыға басқысы келіп тұратындар бізде аз ба? "Аға" деп сеніп келген қарындасты, сұм пиғылдың құзынан құлатқан кездер аз болып па еді? Өзге емес, өз қазағынан қорлық көріп, абыройынан айырылған қарындастарды талай көрдік. Сұлу көрсе, сұм ойдың құлы болып, қазақтықты, мұсылмандықты ұмытатындар өкінішке орай өз арамызда да өріп жүр. Әлде "қазақ қыздарымызды өзге емес, өзіміз қорлайық" деген түсінік пе біздікі? Қазақ азаматтары, бәрін өзімізден бастауымыз керек! "Жақыныңды жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін" деген бабаларымыз пәк қыздарын емес, тіпті жесірін жылатпаған. Біз әпке-қарындастарымызға сондай қамқорлық көрсете алып жүрміз бе?! Қыз көрсе, туыстық тұрғыда бөтен болса да, ұлт мәселесінде ұрғашы деп емес, "әпке-қарындас" деп санауды санамызға сіңіру керекпіз.
Қазақ қызын көрсек, "қазақ бауырымның қызы ғой", "қазақ бауырымның қарындасы ғой" деген оймен әрекет ету керек. Ең бастысы мұсылмандығымызды сақтауымыз керек. Некесіз қатынас - тыйым салынған әрекет. Қазақ қызын көріп, қарым-қатынас жасағыңыз келсе, ардан аттамай шариғат шекарасынан шықпай, некелі қатынас жасап, жанұя құруға талпыныңыз. Бір әйел аздық етсе, жағдайыңыз жетіп, жауапкершілігіңізге ала алсаңыз, тағы үшеуін алыңыз. Ал шамаңыз жетпейді екен, қазақ қызын қорламаңыз, жесірін жылатпаңыз. Қазақ еркектері пейілін түзетсе, әпке-қарындастарымыздың тәртібі де жөнге келер. Осы тұрғыда қазақ қыздары да өз орындарын білгені жөн. Ақша-мансапқа бола арын сатпай, артындағы ағайынның жағдайын ұмытпағаны дұрыс. Қазақ қызын "Қарындас" деп алып нәпсіміз үшін қан жылатып, "Әпке" деп алып, әлекке салуды қою керек. Қазақ жігіті қарындасына қамқор, ал қарындас аға ақылын тыңдайтын болса, өзге ұлт та ойланады.