Саясат
Мәселе
Арыстағы оқ-дәрі қоймасындағы жарылысты табиғи құбылыс деген қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев халықтан әзірге кешірім сұрамайтынын кесіп айтты. Қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіров пен бұрынғы қорғаныс министрі Сәт Тоқпақбаев Ермекбаев қалай болғанда да кешірім сұрауы тиіс дейді.
3 шілде күні мәжілісте журналистердің «Арыстағы жарылыс үшін кешірім сұрайсыз ба?» деген сұрағына Нұрлан Ермекбаев былай деп жауап берген-ді: «Бұл жерде біздің кінәміз бар деп айтуға болмайды. Өйткені бұл табиғи құбылыс. Әр арсеналдан төнетін қауіп бар. Сондықтан әзірше халықтан кешірім сұрайтындай себеп көріп тұрғаным жоқ».
Ал бүгін, 4 шілде күні сенат дәлізінде журналистердің сұрақтарына жауап берген Ермекбаев: "Кешірім сұрау - бұл мен, әскери қызметкерлер және Арыс тұрғындары арасындағы мәселе. Арыс тұрғындары сізге менен кешірім сұрауды талап ететіндей өкілеттілік берді ме? Меніңше, берген жоқ", - деді.
Ермекбаевтың осы сөзіне қатысты сарапшылар пікірін сұрап білдік.
Қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіров қорғаныс министрі халықтан кешірім сұрауы керек дейді.
"Қорғаныс министрі кешірім сұрауы керек. Ол үкіметтің мекемесі. Министр кешірім сұрап, екінші рет халықты мұндай апатқа душар етпеуі керек. Өзіміз де ел болып, жұрт болып Арысқа көмектесейік. Бұдан бұрын да бұл жерде басты кінә әкімшілікте екенін айтқан едім. Әлі де айтатыным, оқ-дәрі қоймасының жанында қала болмауы керек. Соғыссыз бейбіт заманда оқ-дәрі қоймасының дарылғаны дұрыс болмады. Бұл – апат", – деді Т.Әубәкіров.
ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы, бұрынғы қорғаныс министрі, генерал-полковник Сәт Тоқпақбаев та Ермекбаев бұл апатқа тікелей кінәлі болмаса да, жауапты болған соң кешірім сұрауы керек деп есептейді.
"Қазір зейнеттемін. Бұл табиғи апат па, жоқ па, білмеймін. Табиғи апат болған күннің өзінде қорғаныс министрі кешірім сұрағаны артық болмас еді. Себебі база солардың қарауында. Тікелей айыпты болмаса да, жауапты болғаннан кейін кешірім сұрағаны дұрыс шығар", – дейді С.Тоқпақбаев.
Қорғаныс министрінің бұрынғы орынбасары, генерал-майор Әмірбек Төгісов жарылысты табиғи апатқа балаған министрдің сөзін миға қонбайтын дүние дейді.
"Министрдің бұл сөзіне не деуге болады? Миға қонбайтын дүниеге пікір білдірудің қажеті жоқ. Деңгейі сондай болса, сондай деңгейде қала берсін", - дейді ол.